Иранда зорлық көрсеткен күйеуін өлтіргені үшін 29 жастағы әйел өлім жазасына кесілді
29 жастағы ирандық азамат Самира Сабзиан өлім жазасына кесілді. Иранның адам құқықтарын қорғау ұйымы осылай деп мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Самира Сабзиан / svoboda.org
Мұндай үкім оған күйеуін өлтіргені үшін берілді. Әйелдің туыстарының айтуынша күйеуі оған зорлық-зомбылық көрсетіп келген. Иранның адам құқықтарын қорғау ұйымы (IHR) Самира Сабзианның 2023 жылы Иран билігі өлім жазасына кескен 18-ші әйел болғанын атап өтті.
IHR мәліметтері бойынша, Самира Сабзиан 15 жасында тұрмысқа шыққан. 19 жасында күйеуін өлтірді деген айыппен қамауға алынып, бірден өлім жазасына кесілген. Алайда, үкімнің орындалуы кейінге шегерілген. Ол өмірінің он жылын түрмеде өткізді.
Қамауға алынған кезде Самира Сабзианның екі баласы болған. Он жылға бас бостандығынан айыру кезінде балалармен кездесуге әйелге тек бір рет кездеуге рұқсат берілген. Әйел балаларымен жүздесуге желтоқсан айының басында, өлім жазасына дейін рұқсат алған.
Иранның адам құқықтары жөніндегі мәліметі бойынша 2022 жылы Иранда кем дегенде 582 адам өлім жазасына кесілген. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 75%-ға көп. Ұйымның мәліметінше, 2023 жылдың қыркүйек айының соңында кем дегенде 499 ирандық, оның ішінде 13 әйел өлім жазасына кесілген. Жыл соңына қарай дарға асу арқылы өлім жазасына кесілген әйелдердің саны 18-ге жетті.
Еске сала кетсек, бұған дейін хиджабты дұрыс кимеді деп ұсталған 22 жастағы ирандық Махса Аминидің полицейлердің қолынан қаза тапқанын жазған едік. Қыздың өлімінен кейін жаппай наразылық акциялары басталған. Әйелдер көшеде хиджабтарын шешіп, көптің көзінше өртеп жіберген. Наразылық акциясы кезінде бірнеше қыз полиция қолынан ажал құшты. Осы әрекеттер кезінде кем дегенде 500 адам қаза тауып, ондаған мың адам ұсталды. Бірнеше наразылық білдіруші өлім жазасына кесілді. Әйелдердің хиджаб киюге қарсылық көрсеткеніне қарамастан Иран билігі хиджаб тақпағандар үшін жазаны күшейтті. Енді олар 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.