Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Иран бұл қателігі үшін жауап береді": Израиль Тегеранның соққыларына жауап қайтаруға ниетті

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Израильге баллистикалық зымыранмен шабуыл жасаған Иран "үлкен қате жасады және оның құнын өтейді" деген мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Израиль Иранға жауап беруге ниетті.

"Иран бүгін түнде үлкен қате жасады және оның орнын толтырады. Иран режимі біздің мықтылығымызды түсінбеген. Біз белгілеген ережені ұстанамыз: кім бізге шабуыл жасаса, біз оған шабуыл жасаймыз", – деді Нетаньяху.

Израиль әскерінің баспасөз хатшысы Даниель Хагари де Тегеран әрекетінің салдары ауыр болатынын айтты.

Оның айтуынша, Израиль мен Американың әуе қорғаныс жүйелері Ираннан ұшырылған зымырандарға қарсы тиімді жұмыс істеген.

"Иран Таяу Шығысты шиеленіске  итермелеп отыр. Бүгінгі оқиғалардың салдары болады", – деді Хагари.

Иранның шабуылынан бірнеше сағат өткен соң Израиль әскерилері Бейруттегі Хезболла нысандарына шабуыл жасады. Бұған дейін Израиль қорғаныс күштері жергілікті тұрғындарды эвакуациялауды ескерткен.

АҚШ президенті Джо Байденнің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан Иранның соққыларын "маңызды шиеленіс" деп атап, Иран 200-ге жуық баллистикалық зымыран ұшырғанын айтты.

Салливан Израильдің немесе АҚШ-тың кек алу мүмкіндігі туралы түсінік беруден бас тартты, бірақ америкалықтар Израильге Иран зымырандарын атып түсіруге көмектескенін растады.

Пентагонның баспасөз хатшысы Пэт Райдердің мәлімдеуінше, шабуылды тойтаруға Жерорта теңізінде орналасқан АҚШ әскери-теңіз күштерінің екі эсминеці қатысқан.

АҚШ әскері сейсенбідегі соққылар Иранның осы жылдың сәуірде Израильге жасаған алғашқы шабуылынан "екі есе үлкен" деп мәлімдеді.

АҚШ президенті Джо Байден Вашингтон Израильді толығымен қолдайтынын айтты. Байденнің айтуынша, оның тікелей нұсқауымен АҚШ әскері соққы кезінде "Израильдің қорғанысына белсенді түрде қолдау көрсетті". Сондай-ақ ол Иранның шабуылы нәтижесіз болғанын айтты.

Президенттікке үміткер Камала Харрис те Байденнің америкалық кемелерге Израильге бағытталған зымырандарды атып түсіруге бұйрық беру туралы шешімін толық қолдайтынын айтты.

АҚШ қорғаныс министрі Ллойд Остин Вашингтонның дипломатиялық келісімге келуге берік екенін, бірақ қажет болған жағдайда Израильді Иран агрессиясынан қорғауға дайын екенін жазды.

Иран билігі Израильдегі әскери нысандарға ғана шабуыл жасағанын және ауқымды соғысты қаламаймыз, бірақ өзін-өзі қорғау құқығын қорғауға дайынбыз деп мәлімдейді.

Бұған дейін Ислам революциясы сақшылар корпусы Израильге жасалған соққылардың ХАМАС жетекшісі Исмаил Ханиенің өлтірілуіне, сондай-ақ өткен сенбіде Бейрутке жасалған шабуыл нәтижесінде Хезболла жетекшісі Хасан Насролланың қазасына жауап болғанын мәлімдеген.

Иран президенті Масуд Пезешкян соққының мақсаты Израильге Иранның өз мүдделері мен азаматтарын қорғауға дайын екенін көрсету екенін жазды. Оның айтуынша, Иран өз мүмкіндіктерінің аз ғана бөлігін көрсетті және Израиль билігін одан әрі шиеленісуден сақтандырды.

Иран сыртқы істер министрі Аббас Арақчи Иран операциясының аяқталғанын жазып, Израиль кек қайтарған жағдайда Тегеранның реакциясы "қаттырақ әрі күштірек" болатынын айтты.

Еске салсақ, бұған дейін Иранның Израильге қарсы 400-ге жуық зымыран ұшырғаны туралы жазған едік. Алайда біраздан соң Израиль шабуылдың аяқталғанын мәлімдеді. 

Талқылау