Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Инсульт алды": Ауыр дертпен күресіп жүрген актер Мұрат Бисембин ауруханаға түсті

Мұрат Бисембин қазіргі жағдайы белгілі болдыФото: https://www.instagram.com/jemappelledali

Қатерлі ісікпен күресіп жатқан актер, “Рэкетир” фильмінің жұлдызы Мұрат Бисембиннің қызы Сафия әлеуметтік желідегі парақшасында әкесінің қазіргі жағдайы жайлы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Өнер иесінің қызы әкесінің денсаулығына қатысты сұрақтарға біржақты жауап бере алмайтынын жазды. Оның айтуынша, актердің жағдайы әр кезде әртүрлі.

“Оның жағдайы кейде жақсы, кейде нашар. Бірақ біз әрдайым позитивті көңіл күйді сақтап, барлық негативті ойды алыстатуға тырысамыз. Өз парақшамда жаттығулар, дайындық, жарыстар, жақындарымның және өзімнің жетістіктерім, сондай-ақ күнделікті қарапайым өмір секілді жылы сәттерді көрсетемін. Біз тек жақсыны жеткізуге тырысамыз, бірақ көп дүниені көрсетпеуге тырысамыз”, – деп жазды ол.

Сафия әкесінің рухани да, физикалық тұрғыдан да өзі білетін ең мықты адамдардың бірі екенін айтты.

“Бір жарым жылда әкем мен анам талай нәрседен өтті, ауруханадан ауруханаға, клиникадан клиникаға, тоқтаусыз талдаулар, ем, химиотерапия, қалпына келу және тағы басқа. Сіздерге көрсетілмейтін дүние көп екенін тағы да айтқым келеді. Қазір әрқайсымызда бір ғана нәрсе бар – сенім. Жақсылыққа сенім. Әкемнің міндетті түрде жеңілдеп, жағдайы түзелетініне сенім. Ерте ме, кеш пе ремиссияға шығатынына сенім. Бұл жағдайдағы ең ауыр нәрсе – естеліктер. Бәрі жақсы болған күндердің, әкемнің сау, сергек жүрген кездерінің естелігі. Қазір әкем әлі де күресіп жатыр”, – деп жазды ол.

Мұрат Бисембин жақында инсульт алған, қазір ауруханада дәрігерлердің бақылауында жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін актер Мұрат Бисембин қатерлі ісікке шалдығу себебін айтқаны хабарланған еді.

Балнұр Жұмаділла
Дүйсенбі, 22 Желтоқсан, 2025 14:35