Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Инфекция тарап, ауру көбейген": Жетісу халқы тері өңдеу зауытының жұмысына қарсы шықты

Жетісу облысы Балпық би ауылының тұрғындары жергілікті билікке тері өңдеу зауытын көшірсін деген талап қойып отыр. Себебі елдімекеннің ішінде орналасқан өндіріс ошағынан ауаға жағымсыз иіс таралып, халықтың тынысын тарылтқан. Есік-терезені ашудан қалдық деген қараша түрлі инфекция таралып, дәрігерлердің көмегіне жүгінетіндер көбейгенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: кадрдан скриншот

Тері өңдеу цехы Балпық би ауылының ішінде орналасқан. Өндіріс ошағынан таралатын жағымсыз иіс бүтін бір елдімекенге тарап, тұрғындардың тынысын тарылтқан екен. Жұрттың айтуынша, мал терісі апталап сасып жатады. Соның салдарынан жылдың үш мезгілінде үйдің есік-терезесін қымтап отыруға мәжбүрміз дейді. 

“Иіске шыдау мүмкін емес. Шошқаның иісі бұндай болмайды деп ойлаймын. Отырсаң көзіңнен жас шығады. Жаздыгүні тіпті қиын. Қыста білінбейді аса”, – дейді Балпық би ауылының тұрғыны Оралбек Зияданов. 

Ал тұрғындардың бірі Қайрат Жанғазиновтың сөзінше,тұрғындар терезені ашудан қалған. 

“Ауруханаға да түстік. Өзім де жатып шықтым. Иістен ауа жетпейді. Оттегі жетіспеушілікпен түсіп, өліп қала жаздап шықтым”, – дейді ол.

Ұлардай шулаған халық қолқаны қабатын қолаңса иістен шетімізден ауру болдық деп отыр. Тіпті қараша күн жылынғанда ойын балаларын далаға жіберуге қорқады. Ең сорақысы, мал терісі жуылған су канал арқылы Көксу өзеніне құйылады екен. 

“Біз Көксу ауданының орталығында тұрамыз. Орталық деген аты ғана. Қараңыздаршы, тіпті тротуардың үстінде малдың жапасы жатыр. Малдың өлексесі, ішек-қарыны. Кір су канал арқылы ағып, Көксу өзеніне құяды. Қазір онда тіпті балық жоқ. Бұрын жазда адамдар демалатын, қазір ешкім бармайды”, – деп ашуланды Балпық би ауылының тұрғыны Абай Желтіков. 

Ауласында аппақ құрт өріп жүрген өндіріс орнының басшысына тұрғындар талай мәрте ескерту жасаған. Тіпті әкімдікке де шағым айтқан. Алайда еш нәтиже болмапты. Ал кәсіп ашып, табыс тауып отырған азамат жұмыс бастамас бұрын ресми органдардан рұқсат алдым, барлығы заңды деп отыр. 

“Көршілерден рұқсат алмадық, бірақ сұрап, айттық. “Біз осындай жерден кәсіптелейік, бала-шаға бағып отырмыз” деп. Бұл кісілер сасытпай тазалап тұрсаңыздар болды деген. Ешқандай сасық жоқ қой бұл жерде. Аз ғана саситын шығар, тері ғой енді”, – деп ақталды тері өңдеу цехының басшысы Қуаң Тұрай. 

Ал жергілікті биліктің өкілдері мәселеден хабардар екен. Шенеуніктер тиісті мамандарды шақырып, тексеріс жүргізетіндерін жеткізді. 

“Ол – жекеменшік жер. Жекеменшік жерде тері қабылдай береді. Жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Мамандар бар, ведомстволық станция бар, бәріміз жұма күні келіп, бәрін тексеріп, ережеге сай ма, ауылдан канша шақырым болуы керек, соған сәйкес қағаздарын береді, тексеріледі. Жабатын нәрсені жабады”, –  деп түсіндірді Балпық би ауылдық округінің әкімі Төлеген Қожабеков. 

Ауылдың ауасын ластап жатыр деп бас көтерген бұқара цехты басқа жаққа көшіруді талап етеді. Жұрт бұл мәселе шешілмейінше тыным таппай, тиісті органдарға хат жазуды жалғастырмақ.

Бұған дейін Жетісу облысында белгісіз біреулер алтын кенін жаппай қазып жатқанын жаздық.

Ауылдан 25 шақырымға жуық жерде тереңдігі 2 метрден асатын шұңқырлар пайда болған. 2-3 жылдан бері қазба байлық іздегендер ойды да, қырды да қопарып жатыр дейді тұрғындар. Бұған ауыл тұрғындары үзілді-кесілді қарсы. Айтуларынша, осының кесірінен жайылым жердің тапшылығы туындаған. 

Талқылау