Атырау облысында бүтін бір отбасының өлімі: Күдіктінің қылмысқа не үшін барғаны белгілі болды

Атырауда өлтірілген Наурыз бен Мирамгүлдің мәйіттері сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алдын ала мәлімет бойынша, Сұлтан Сәрсемәлиев оларды пышақтап өлтірген. Ал оның бұл қылмысқа баруына отбасылық жанжал себеп болған.
“Төрт адамды өлтіруге ұзақ уақытқа созылған тұрмыстық жанжалдар себеп болған. Тергеу екі немесе одан да көп адамды өлтіру бабы бойынша жүргізіліп жатыр және министрліктің бақылауында”, – деді Қанат Нұрмағамбетов.
Қазір тергеу жалғасып жатыр және ерекше бақылауға алынды. Сонымен қатар отбасының кенже қызының қылмысқа қатысы болуы мүмкін екені тексеріліп жатыр. Оның психикалық жағдайын анықтау үшін ол сот-психиатриялық сараптама жүргізу мақсатында медициналық мекемеге жіберілді.
ІІМ мәліметінше, қылмыс жасағаны үшін жазаның бұлтартпастығы – құқық қорғау органдары жұмысының негізгі қағидаларының бірі.
Қаза тапқандардың туыстарының айтуынша, кешке Атырау облысы Полиция департаментінің қызметкерлері отбасыға Геолог ықшамауданындағы үй маңынан мәйіттердің табылғаны туралы хабарлаған. Күдікті бұған дейін дәл сол жерде айына шамамен 50 мың теңгеге уақытша баспана жалдап тұрған.
“Әрине, бізге өте ауыр. Оның ұсталғанын естігенде Мирамгүл мен Наурыз тірі шығар деп үміттендік. Бірақ кеше олардың да өлтірілгенін айтты. Қазір мәйіттер мәйітханаға жеткізілді, сараптама жүргізіледі. Кешке дейін бізге береді деп уәде етті, сонда жерлей аламыз”, – деді марқұмдардың туысы Шалқар Мұқанғалиев.
Отбасының сөзінше, жерлеу рәсімін Жангелдин ауылында – ата-анасының қабірінің жанында өткізу жоспарланып отыр.
- Атырау облысында бір отбасының жоғалуы: Күдіктінің анасы ұлын полицияға берілуге шақырды
- "Наурыздың атынан жіберілген": Атырауда қаза тапқан ерлі-зайыптының жоғалған ұлы жіберді деген хабарламаларға қатысты туыстары пікір білдірді
Оқиғаның мән-жайы
2025 жылғы желтоқсанда полицияға 66 жастағы ер адам – Мақсот Қарабалин, 64 жастағы әйел – Насипа Өтешқалиева және олардың балалары – 32 жастағы ұлы мен 35 жастағы қызының із-түссіз жоғалғаны туралы хабар түскен. Туыстарының айтуынша, отбасы мүшелері қараша айынан бері байланысқа шықпаған, олардың қайда екені белгісіз болған.
Төртеуі де хабар-ошарсыз кеткендер ретінде іздеуге жарияланды. Осы дерек бойынша соталды тергеу басталып, жедел-тергеу тобы құрылды.
“Былтыр желтоқсанның соңында Атырау қаласының тұрғыны полицияға ағасы мен оның отбасы ұзақ уақыт бойы байланысқа шықпай жатқанын айтып жүгінді. Жүргізілген жедел-тергеу шараларының нәтижесінде өлтірілген адамдардың мәйіттері әртүрлі жерлерге көмілген күйде табылды”, – деді ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов.
Биыл 6 қаңтарда тергеу әрекеттері барысында үйлердің бірінің шаруашылық құрылысынан Мақсот Қарабалин мен Насипа Өтешқалиева мәйіттері көмілген күйде табылды. . Осыдан кейін іс кісі өлтіру дерегі бойынша қайта сараланып, жоғалған балаларды іздеу жалғасқан.
Қылмыс жасады деген күдікпен 29 жастағы Сұлтан Сәрсемәлиевке – қаза тапқан отбасының бұрынғы күйеу баласына халықаралық іздеу жарияланды. Онымен бірге марқұмдардың кенже қызы да халықаралық іздеуге берілген. Бұған дейін ол күдіктімен некеде болған.
“Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Индонезия Республикасындағы әріптестерімен бірлесіп, аталған елдің аралдарының бірінде Атырау облысындағы резонанстық отбасы өліміне күдікті азаматты ұстады. Қазір ол Қазақстанға депортацияланып, уақытша ұстау изоляторына қамалды”, – деді Қанат Нұрмағамбетов.
Күдікті Индонезияда ұсталды. Онымен бірге отбасының кенже қызының да жүргені анықталған. Ұсталғаннан кейін ер адам кінәсін мойындап, тергеуге жауап берді. Оның жауабы бойынша, жедел-тергеу тобы қайта тергеу әрекеттерін жүргізіп, Атыраудағы үйдің ауласынан бұрын хабар-ошарсыз кеткен Мирамгүл Қарабалина мен Наурыз Мұқанғалиевтің мәйіттерін тапты.
Қазақстан әйелдерінің үйдегі тегін еңбегінің құны қанша: Есептеп көрдік