Иммунитетті күшейтетін дәрі қабылдаған медицина факультетінің студенті қайтыс болды
Сеченов атындағы Медицина университетінің студенті ковидтен зардап шеккеннен кейін "Лаеннек" тамызғыштарымен иммунитетін нығайтамын деп, қайтыс болды деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Life.ru порталына сілтеме жасап.
Қыз дәріні өзімен бірге сүйіктісіне де салған. Жансақтау бөліміне түскен Дмитрий қазір дәрігерлердің бақылауында.
Марқұм Анна желіде өзін диетолог, жаттықтырушы және "профилактикалық медицина дәрігері" ретінде таныстырған. Атап айтқанда, бойжеткен жазылушыларына витаминдер мен басқа да препараттар туралы кеңес беріп келген. Мысалы, ол тестостерон қоспалары арқылы әйелдердің либидосын арттыру туралы ұсыныстар айтқан. Дегенмен көршілерінің сөзінше, студент үйінде үнемі фастфудқа тапсырыс беріп, дұрыс тамақтанбаған. Ауруханаға жатқызар алдында ғашықтар демалысқа ұшып кетпек болған. Бірақ екеуі де әуежайда ауырып қалады.
"Екеуі жас, әдемі жұп еді. Олар тауда сноуборд тебуге бара жатқан. Үш сағаттан кейін Диманың өзі телефон шалып, біз уланып, ауруханада жатырмыз деді. Олар дереу әуежайдан ауруханаға жеткізілген", – деді ерлі-зайыптылар тұрған үйдің қожайыны.
Студент уланғаннан кейін Склифосовский атындағы ғылыми-зерттеу институтының жансақтау бөліміне жеткізілді. Дәрігерлер оның өмірі үшін күрескенімен, аман алып қала алмады. Полицейлер бірнеше күн бұрын қыздың "Лаеннек" плацента негізіндегі иммундық препаратты қабылдағанынжеткізді. Қазір жапондық дәрінің студенттің өліміне себеп болуы мүмкін бе, ол оны қандай дозада және қандай мақсатта қабылдағаны тексерілуде. Кейбір мәліметтерде оны көбіне жасару үшін пайдаланатыны айтылады. Алайда мамандар бұл дәрінің қауіпті екенін алға тартты.
"Мен өз тәжірибемде бұл препаратты клиникалық себептермен қолданбаймын және емделушілерге де ұсынбаймын. Себебі мұнда дәлелдемелік база жоқ. Ал дәрігерлердң рецептінсіз берілген кез келген дәрмектің зияны жеткілікті", - деді иммунолог Георгий Викулов.