Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ІІМ сарбаз суицидіне қатысты мәлімдеме жасаған адвокатты қызметтік этиканы бұзды деп айыптады

Ішкі істер министрлігі адвокат Сержан Пірәлиевті қызметтік этика нормаларын бұзды деп айыптады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz. порталына сілтеме жасап. 

Ол 20 қаңтарда әскерге шақырылушынының өз-өзіне қол жұмсау фактісіне қатысты қылмыстық іске қатысты баспасөз мәслихатын өткізген болатын.

"Ол өз тұжырымдары мен шындыққа сәйкес келмейтін жорамалдарын қосып, қылмыстық істің деректерін жария етті. Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жариялауға жатпайды”, – делінген ақпаратта.

Осыған байланысты адвокаттың қызметтік этика нормаларын бұзу фактісі бойынша материалдар қылмыстық қудалау органында белгіленген тәртіппен тіркеліп, әділет министрлігіне қызметтік тергеу жүргізу үшін жолданды. 

Еске салсақ, адвокат Сержан Пірәлиев баспасөз мәслихаты кезінде Жамбыл облысында өз-өзіне қол жұмсаған мерзімді қызметтегі сарбаздың киімі мен аузынан бөтен адамның биоматериалы табылды деген болатын.

Жамбыл облысының шекарасында әскери борышын өтеген 18 жастағы Бекбол Мираштың денесі 2022 жылдың тамызында атқорадан табылды.

Осыдан кейін бөлім командирі қамауға алынып, оған қатысты "ауыр зардапқа әкеп соқтырған билікті асыра пайдалану" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Талқылау