Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Хайп жасаудың қажеті жоқ": Өмірзақ Шөкеев Түркістанда қақаған қыста далада қалған саудагерлер туралы пікір білдірді

Желіде Түркістан қаласындағы “Азиз” базары жабылғасын, халық далада қалғандарын айтып шағымданған видеолар тараған еді. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев осы мәселеге байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Әкімшілік алдына жиналған халық олардың алдын ала ескертпегенін айтқан. Сондай-ақ ондаған саудагер күнде әкімшілікке барып, шағымданатын көрінеді. 

“Өз нанымызды өзіміз тауып жүрміз. Күн көрісімізден неге айырады? Бәріміздің басымызда кредитіміз бар. Жаңа базар беремін деген еді. Ол бірақ әлі дайын емес”, – деген болатын жиналғандар. 

Облыс әкімінің айтуынша, бұл мәселе шешіліп жатыр. Базар қала сәнін бұзып тұрғандықтан оны сүруге мәжбүр көрінеді. 

“Базар мәселесі барлық қалаларда бар. 2006-2007 жылы әкім болып келгенімде Шымкент қаласындағы жолдың үстінде орналасқан 70-ке жуық базарды сүріп тастағанбыз. Сол кезде үлкен айқай-шу болған. Талай шағып түсіп, митингтер өткен. Бірақ кейін қала тазарып, тәртіп орнатылғаннан кейін олардың бәрі бізге алғыс білдірді. “Азиз” базары бір қуыста, жолдың үстінде орналасқан базар. Қала тұрғындарына ыңғайлы болу үшін әкімдікке тапсырма берген болатынбыз. Базарда істеп жатқан кәсіпкерлерді ешкім табысынан айырмайды. Оларға басқа жерден кәсіптерін жалғастыруды ұсынып жатырмыз. Қаланың сыртындағы базардың жанында ешкімге зиян тигізбейтінін сауда жасауға мүмкіншілік тудырамыз. Кішкене құрылыс жұмыстары созылып жатыр. Қазірше біз сол орында сауда жасауға рұқсат береміз. Базар құрылысы біткеннен кейін көшіретін боламыз. Олар келісіп, қолдарын қойған. Сондықтан бұл мәселені “хайп” жасап көтерудің қажеті жоқ деп ойлаймын”, – деп жауап берді әкім. 

 

Талқылау