Халықты талантымен таңғалдырған "Қойшы бала" туралы не білеміз?
Жуырда ән айтып, әлеуметтік желіде танымал болып шыққан "Қойшы балаға" деген халықтың қызығушылығы артып тұр. Жігер Ауыпбаевтың шәкірті атанған өрімдей жас өнерпаздың кім екенін ел білгісі келеді. Қойшы бала атанып кеткен Айдос Кәден "Жетісу" телеарнасына сұхбат берді, деп жазады Stan.kz.
Айдос Алматы облысы Райымбек ауданына қарасты Бөлексаз ауылында дүниеге келген. Бүгінде 9-сынып оқушысы. Тоғыз ай оқуда жүрсе, жазғы демалысы қой бағып, бие сауумен өтеді екен.
"Үш ай бойы бие саудым, қой бақтым, құлындарым мен лақтарыма сүт бердім. Күбі пістім, қымыз жасадық. Өзіме жайлау ұнайды. Қалаға барып бір апта жатсам, ауылды сағынамын. 2 жасымнан бастап жайлаудамын", – дейді Қойшы бала.
Айдос отбасында 5 ағайынды. Сөзіне қарағанда, үлкен ағасынан басқаларының бәрі өнерге жақын. Оның ішінде Жанар есімді әпкесі Айдосқа 2 жасынан бастап ауыл туралы, халық әндерін үйретіпті.
"Ағам мектепте ән айтып жүрді, соған қарап мен де айта бастадым. Мектепте Наурызбаева Майя деген апайымыз менің даусыма қызықты, менің де өнерге деген талпынысым болды. Өлең айтып жүргенде естіп қалып, мені дайындады. Көп жетістіктерім сол кісінің арқасы", – дейді Айдос.
Димаш Құдайберген Азиядағы ең сымбатты ер адам атануы мүмкін
Қойшы бала 3 жасынан бастап ән айтып, өнерге жақын болып өскен. Мектепішілік іс-шаралар Айдостың әнінсіз өтпеген. Одан бөлек, ол облыстық, республикалық байқауларда жүлделі орындарды иеленген. Тіпті халықаралық байқауға жолдама алыпты. Алайда пандемияның кесірінен бара алмаған.
Айдосты танымал етіп жіберген видеоны көршісі түсіріп, желіде таратқан. Ал танымал бола шыққанын Айдос туған ағасы Жақсылықтан біліпті.
"Таңертең жұлдыз болып ояндым. Өзіме ұнайды. Қазір қай жаққа барсам да, танып жатады. Суретке түсейікші, дейді", – дейді Қойшы бала.
Жұлдызы жанғанға дейін Айдосты Instagram-да 100-ге жуық адам ғана қараса, бүгінде оқырмандарының саны 60 мыңға жуықтаған. Атымды сұрап жекеге хат жазушылар да көбейді дейді өзі.
КешYou-дің экс-солисі әншілікті тастап, бет әрлеуші болып кетті
Бүгінде Айдос – елімізге танымал әнші Жігер Ауыпбаевтың шәкірті. Бір ауылдан шыққан ағасын өзі үлгі тұтады. Әнші ретінде танылғанымен, Қойшы бала болашақта актер болуды армандайды. Бұл салада да жеке кумирі бар екен.
"9-дан кейін өнер академиясының колледжіне оқуға түсіп, актер болуды армандаймын. Маңызды, басты рөлдерді ойнағым келеді. Шытырман оқиғалы, көбінесе төбелесетін рөл ойнағым келеді. Мен Сартайдың рөлін ойнаған актерді (Асылхан Төлепов) үлгі тұтамын", – дейді Қойшы бала.