Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Гитлердің бойында еврей қаны болған": Путин Израильден сыртқы істер министрінің сөздері үшін кешірім сұрады

Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың Адольф Гитлердің "еврейлермен туыстығы" туралы айтқан сөзі үшін кешірім сұрады, деп мәлімдеді Израиль премьер-министрінің кеңсесінде. Ал Кремль Путиннің Нафтали Беннетпен телефон арқылы сөйлескенін айтқанымен, кешірім туралы сөз болғанын айтпады. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.

путин 2022

"Беннет (телефон арқылы сөйлесу кезінде) Лавровтың сөздері үшін кешірім сұраған Путиннің сөздерін қабылдады және оған Ресей президентінің еврей халқына және Холокостты еске алуға деген көзқарасын нақтылағаны үшін алғыс білдірді", - деп жеткізді Израиль премьер-министрінің кеңсесі.

Кремль де Ресей президенті мен Израиль премьер-министрінің телефон арқылы сөйлескенін хабарлады, бірақ Путиннің кешірім сұрағаны туралы айтпады.

Кремльдің таратқан мәліметінше, сөйлесу барысында "басшылар 9 мамырдың Ресей мен Израиль халықтары үшін ерекше маңыздылығына тоқталған", Путин "Израильде тұратын ардагерлерге денсаулық пен амандық тілеуді" сұраса, Беннет "Қызыл Армияның нацизмді жеңудегі шешуші рөлін атап өткен".

Израиль тарапының пікірінше, Путинді кешірім сұрауға мәжбүр еткен, 1 мамырда Лавровтың итальяндық Mediaset арнасына берген сұхбатында айтылған сөздер болған.

Онда Лавров, егер Украинаның президенті Владимир Зеленский еврей болса, ол елді нацизммен қалай айыптауға болады деген сұраққа Адольф Гитлердің де бойында "еврей қаны" болғанын сондай-ақ "ең сорақы антисемиттер" әдетте еврейлер екенін айтқан.

Ресейлік министрдің мәлімдемесі бүкіл әлемдегі еврей ұйымдарымен қоса Израиль үкіметінің өкілдері арасында да наразылық толқынын тудырды. Сол заматта Ресей елшісі Израиль сыртқы істер министрлігіне "түсіндірме әңгіме" жүргізу үшін шақыртылған.

Израиль премьер-министрі Нафтали Беннет Лавровты өтірік сөздері үшін айыптап, оның мақсаты "еврейлердің өздерін тарихта өздеріне қарсы жасалған ең ауыр қылмыстар үшін айыптау және сол арқылы Израильдің дұшпандарынан жауапкершілікті алып тастау" болғанын айтты.



Ал Израиль сыртқы істер министрі Яир Лапид Лавровтың сөздері "ақтауға болмайтын және шектен шыққан сөздер ғана емес, сонымен қатар тарихи қателік" екенін жеткізді.

Бұған жауап ретінде Ресей сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасап, Израиль Киевтегі "неонацистік режимді" қолдауға қатысты және кейбір еврейлер Холокостты жүзеге асыруға көмектесті деп мәлімдеді.

"Израиль Ресейдің қараңғыдағы сәулесі іспетті"

Саясаттанушы Аббас Галлямовтың пікірінше, Путиннің Лавров басқаратын сыртқы істер министрлігінің қателескенін мойындап, кешірім сұрауы Ресей президентінің бойында "әлі де болса ұстамдылықтың сақталғанының көрінісі".

"Ол Израильмен жанжалдасуды қаламайды. Бұл өте маңызды. Израильмен қарым-қатынас болып тұрғанда, біз толық оқшауланудан әлі де аулақпыз. Өйткені бүкіл әлем бізге қарсы деген сезім Путиннің айналасын есеңгіретіп жібереді. Осы тұрғыдан алғанда, Израильмен қарым-қатынас қараңғы жолдағы жарық сәулесі іспетті. Ал бұл сәулені сөндіру  нағыз ақымақтық болады", – дейді Галлямов BBC-ге.

Лавровтың сұхбат беру кезінде тығырыққа тірелуінен сөз табамын деп айтқан сөздері израильдіктерді ренжіткені анық, деп есептейді саясаттанушы.

"Мәселе мынада, Кремль кешірім сұрағысы келмейді, өйткені олар "тек әлсіздер кешірім сұрайды" деген "жасөспірім логикасы" бар. Бірақ түптеп келгенде, мұндай логиканың тығырыққа тірейтінін уақыт көрсетіп отыр. Өйткені Израиль Ресеймен қарым-қатынасын әлі үзбеген, негізінен оны сақтауға тырысқан, санкцияларға қосылмаған және Украинаға қару-жарақ жеткізбеген мемлекеттердің соңғысы", – деп атап өтті Аббас Галлямов.

Талқылау