"Гитлер жайлы айтып, адамдарды қоқысқа теңейтін": Пермьдегі университетте қырғын жасаған студент жайлы ата-анасы мен таныстары ой қозғады
Пермьдегі университетте адамдарға оқ атқан 18 жастағы студент Тимур Бекмансуровтың ата-анасы ұлдары жайлы айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Анасы Наталья Бекмансурованың айтуынша, баласы таңертең әдеттегідей оянып, сабағына жиналған. Бұл кезде әйел жұмысына кетіп бара жатқан.
“Қайырлы таң!” деп университетке жинала бастады. Ешқандай ұрыс-керіс болмады. Бәрі тып-тыныш еді. Баламыз екеуміз мүлдем жанжалдаспайтынбыз, қарым-қатынасымыз да жақсы болатын. Үйден көп шыға бермейтін, ешқайда бармайтын, жаман ешнәрсе жасамаған. Өзін кикілжіңдерден аулақ ұстайтын”, – дейді студенттің анасы.
Белгілі болғандай, бозбаланың ата-анасы ажырасып кеткен. Әкесі басқа қалада тұратын көрінеді.
“Бұл туралы естіген кезде абдырап қалдым. Бұрынғы әйеліме хабарласып едім, полиция бөлімінде отыр екен. Ол да есеңгіреп қалыпты, аузын ашып, дұрыс сөйлей алмайды”, –дейді әкесі Марат Бекмансуров.
Студенттің мектеп кезінен бері танысы оның көп сөйлемейтін, момын бала болғанын жеткізді. Дегенмен, бойжеткен досының біртүрлі қылықтары жайлы да айтып кетті.
“Оған атыс ұнайтын, бірақ мылтық алып, адамдарды атады деп кім ойлаған. Ешкім ол туралы жаман ойлаған емес. Үнемі еңсесі түсіп, біртүрлі болып жүретін. Нацистік көзқарасы жоқ емес, Гитлер жайлы, қарулар туралы көп айтатын. Қару-жарақтарды жақсы білетінін айтып жүретін. Насыбай сынды есірткі қолданатын. Қандай да бір идеологияға тән болды деп айта алмаймын, бірақ адамдарды биологиялық қоқысқа теңейтін”, – дейді Эльвира Зарипова.
Айта кетсек, Пермь мемлекеттік университетінің бірінші курс студенті өзі оқитын білім ордасына қару әкеліп, адамдарға оқ жаудырған. Салдарынан алты адам көз жұмып (бұған дейін 8 адамның қаза болғаны айтылған еді), тағы 24-і жарақат алды. Кейбір деректерге сенсек, қаскөй жансақтау бөлімінде жатыр.