Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бөлемді ешкімге қимай, өзім тиіп алдым": Туысына тұрмысқа шыққан қазақ қыздары өміріндегі өзгерістерді айтты

Тараздық Құралай Тойғабыл мен жетісайлық Сымбат Бердіқұл бөлелерінің балаларына тұрмысқа шыққан. Дегенмен отау құрар кезінде жас жұптың туыстары қарсы болған. Сондықтан аурудың алдын алу мақсатында генетикалық тест те тапсырғанын айтты. Stan.kz тілшісі жас келіндерден қазіргі жағдайы мен тұрмыс-тіршілігін сұрап білді. 

Фото: Құралай Тойғабыл мен Сымбат Бердіқұлдың жеке архивінен

"Қанымыз бір емес пе, туыс емеспіз бе?"

2005 жылғы Құралай Тойғабыл қазір жұбайымен бірге Алматыда тұрады. Құралайдың руы – төре, ал күйеуінікі – шөмекей. Жас келіннің айтуынша, бастапқыда екі жақтың үлкендері некелесуге қарсы шыққан. 

"Менің енем – менің туған бөлем. Бөлемнің баласына тұрмысқа шығып отырмын. Күйеуімді кішкентай кезімнен бастап танымадым. Өзім Тараздың тумасымын. Жолдасым бұған дейін отбасымен бірге Қостанайда тұрған. Бірде бөлемнің үйіне қонаққа қыдырып бардым, сол кезде болашақ жарыммен таныстық. Күйеуім бірінші болып сезім білдіріп, сөйлесіп көрейік деді. “Қанымыз бір емес пе, туыс емеспіз бе?" деп айттым. Жігітім "Біздің жеті атамыз бөлек. Сен анамның бөлесісің, мүлдем түсінбеушілік болмайды" деп түсіндірді", – деді Құралай Тойғабыл.

Құралай жігітімен кейін сөйлесіп, кездесіп жүріп сезімі ашылғанын айтады. Тараздың аруы 1 айдай қарсылық білдіріп, кейін 2 айдан соң тұрмысқа шығып кеткен.

"Негізі екеуміз тез арада үйленеміз деген ой болмады. Екі жақтың туыстары да бастапқыда қатты қарсы болды. "Туыс, ағайын ғой" деп әкем, анам, бауырларым қарсы шықты. Дегенмен соңында бәрібір қосылдық. Өзім қалап, сүйіп қосылған соң ата-анам разылығы мен батасын берді", – деді Құралай.

Құралайдың сөзінше, күйеуінің нағашылары оған бөле болғандықтан тойға көп шығындалмаған. Сонымен қатар Құралай туыстарына сәлем салмайтынын айтып берді.

"Күйеуімнің нағашылары маған бөле болғандықтан туыстарымның ешқайсысына сәлем салмаймын. Кей туыстар "Келін етіп, сәлем салдырамыз ба? Жұмсаймыз ба?" деп айтқан кезде қатты көңіліме тиеді. Өзімнің туысым мені келін етейін деп жатыр ма?” дей ойлаймын. Дегенмен күйеуімнің анасын, нағашы әпкемді ене деп сыйлаймын. Тойымыз кішігірім өтті. 200 адамдай келді. Көбіне тойда нағашыларымыз болды. Ал құда ретінде тойда әкемнің туыстарын күтіп алды. 2024 жылдың мамыр айында отбасы құрдық. Одан кейін тамызда үлкен той болды", – деді тараздық келіншек.

Фото: Құралай Тойғабылдың жеке архивінен

"Өміріміз қор болмасын деп тексеріліп алдық"

Құралай Тойғабыл ата-аналарынан бөлек құрбылары да бұл жігітке тұрмысқа шығуға қарсы болған. Сөйтіп Құралай достарының ақыл-кеңесін ескеріп, болашақта туындайтын аурулардан сақтану үшін тест те тапсырып көрген.

"Сенің ағаң ғой, кейін генетикалық аурулар пайда болады. Бір жағынан қандарың бір" деп ескертіп, кеңестерін жасады. Құрбыларымның да пікірін ескеріп, алдын ала дәрігерлерге барып тексерілдік. Арнайы мамандарға барып, хромосомалық (тұқым қуалайтын ауруларды және репродуктивті мәселелерді анықтау үшін маңызды зерттеу әдісі) және генетикалық (адамның ДНҚ-сындағы нақты генетикалық мутациялар мен өзгерістерді анықтайды) анализ тапсырдық. Сол кезде қанымыз бірдей емес екені, оның жеті атасы да бөлек екенін анықтадық. Өйткені бастапқыда өзім дабыл қағып, кейін мүлдем сұрақтар туындамас үшін және екеуміздің де өміріміз қор болмасын деп тексеріліп алдық. Содан кейін ғана бас қостық", – деді кейіпкеріміз. 

"Қайын атам тамақ жасауды үйретті"

Құралай өзі Тараздағы университеттердің бірінде 2-курс оқыса, күйеуі Алматыдағы зауытта маман болып жұмыс істейді. Оның айтуынша, одан күйеуі 6 жас үлкен болса да, екеуінің арасында сыйластық пен махаббат керемет сақталған.

"Аллаға шүкір, қазір сондай бақыттымын. Күйеуімнің мінезі өте жұмсақ, сыйлап тұрады. Осы ретте жар таңдауда, мамандық таңдауда қателеспедім деп ойлаймын. Есейе келе болашақ күйеуім жақсы азамат болса екен деп армандайтынмын. Барлық жерде қолдап, қамқорлығын аямайды. Мәселен, қайын атамның туыстары келін деп көзқарастарын білдіріп жатқанда қолдап кетеді. Негізі үй шаруасына өте олақпын. Кішкентай кезден бері үйде екі жеңгем болғандықтан үй тірліктеріне көп араласпайтынмын. Енем де керемет жан. Бір жағынан бөле әпкем болғанына байланысты шығар. Қайын атам туралы да ауыз толтырып мақтай аламын. Қайын атам негізі тамақты дәмді етіп жасайды. Тамақ істеуді білмейтінмін. Сол кезде қайын атам тамақты қалай жасау керек екенін үйретті. Себебі бұл әулет ескіні ойлайтын емес, заманауи отбасы. Бәрі маған не істейді деп күтіп отырмайды. Әркім өз жұмысын істеп жүре береді. Бәрі келінге қарағандай емес, жақын адамындай қарайды. Ендігі жоспарымыз бала сүю болып отыр", – деді жан сырын ақтарған Құралай Тойғабыл.
@kuralai_toigabul
♬ Менің бөлем БАҒЖАН - Meirambek

"Қан тазалығы сақталмайды деген пікірге келіспейміз"

Ал жетісайлық Сымбат Бердіқұлдың оқиғасы тіпті ерекше. Ол өзінің және күйеуінің туысқан екенін тек тұрмыс құрар кезде білген. 

"Күйеуім екеуміздің анамыз рулас, ал аталарымыз ағайынды болып шығады. Қысқаша айтқанда, нағашы әпкем деуге болады. Үйленбей тұрып біз бір-біріміздің туысқан екенімізді білмедік. Өйткені аталарымыз жақын араласпаған. Бірақ той күні жақындағанда, бұл жаңалық біз үшін таңғаларлық болды. Біздің некемізге ата-анамыз қарсы шыққан жоқ. Көбі қан тазалығына қатысты күдік келтіргенімен, біз оған келіспейміз. Себебі әкеміздің руы әртүрлі, әрі арада қаншама ұрпақ өсіп шықты. 2022 жылы отау құрып, 2023 жылы сәбилі болдық. Бізде ешқандай денсаулық мәселелері болмады, баламыз толық сау болып дүниеге келді. Бұл жағдай, өзіміздің және баламыздың денсаулығы үшін ешқандай қауіп туғызған жоқ", – деді Сымбат Бердіқұл.

Фото: Сымбат Бердіқұлдың жеке архивінен

Сымбат Бердіқұл енесінің анасынан жасы әлдеқайда үлкен екенін айтып берді. Жасы нағашы әжесімен шамалас.

"Енем маған өте қамқор, әрі өз қызындай қарайды. Біздің үйде туысқан болғаннан кейін бе, кикілжіңдер болмайды. Күйеуім Шардарадан, ал мен Жетісайданмын. Бірақ қазір Шымкентте тұрып, осы жерде жұмыс істейміз. Енем нағашы жақтан туыс болса да, сәлем саламын. Қазір туысқандарға “бөлемді ешкімге қимай, өзім тиіп алдым” деп қалжыңдаймын", – деді Сымбат.

Сымбат отбасында өзара түсіністік пен құрмет орнату маңызды деп санайды. Жетісайлық ару туыстық қатынастар туралы айтқанда, шешімдерінің дұрыс екенін және қоғамдағы көптеген стереотиптерден тыс өмір сүріп жатқанын айтты.

Фото: Сымбат Бердіқұлдың жеке архивінен

@sssymbii #нағашы #бөле #рекомендации ♬ Менің бөлем БАҒЖАН - Meirambek
Талқылау