Ғасыр жасаған майдангерге құрмет: Қосшыда Нұрқасым Әжітайұлымен тағылымды кездесу өтті

Қосшы қаласында Ұлы Отан соғысының ардагері, 102 жасқа келген Нұрқасым Әжітайұлына құрмет көрсету шарасы өтті. Жастармен тағылымды кездесуге Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қатысып, майдангерді Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтады.
Бүгінде ел көлемінде көзі тірі Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің қатары сиреп барады. Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда алпыстан астам ғана майдангер қалған. Солардың бірі Ақмола облысының Қосшы қаласында тұратын Нұрқасым Әжітайұлы. Бір ғасырдан асқан ғұмырында ол соғыстың да, бейбіт еңбектің де ауыр жүгін көтеріп, кейінгі ұрпаққа өнеге боларлық өмір жолын қалыптастырды. Кездесу барысында облыс әкімі Марат Ахметжанов ардагердің ел алдындағы еңбегіне ерекше тоқталды.
"Нұрқасым ағамызға қандай құрмет көрсетсек те артық емес. Ол кісі сұрапыл соғыстың ортасында жүріп, елін қорғады. Осындай қиын-қыстау кезеңде жанын емес, халқын ойлаған азаматтар бүгінгі жастар үшін нағыз үлгі. Нұрқасым Әжітайұлы үлкен әулеттің ақсақалы. Ұл-қыз тәрбиелеп, немере-шөбере сүйіп отырған ардақты жан. Оның өмір жолы кейінгі ұрпаққа өнеге. Сондықтан жастар арнайы келіп, осындай тұлғалардан тағылым алуы керек", – деді облыс әкімі.
Салтанатты шара барысында майдангерге Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атынан Алғыс хат табысталды. Өз кезегінде ғасыр жасаған қария жиналған жастарға ақ батасын беріп, бейбіт өмірдің қадірін ұмытпауға шақырды.
"Аман-есен жүргеніме тәубе етемін. Мәскеуде де, Пекинде де, Сирияда да болдым. Қаншама қиыншылық көрдік. Енді сондай ауыр күндерді кейінгі ұрпақ көрмесін. Халқымыз аман болсын, еліміз тыныш болсын. Алла бейбіт өмірді нәсіп етсін", – деді ардагер.

1943 жылдың 15 қаңтарында Жаңасемей аудандық әскери комиссариатының шақыруымен әскер қатарына алынады. Сол жылы Новосібірдегі мергендер мектебін тәмамдап, Курск доғасындағы шешуші шайқастарға қатысады. Авиациялық бөлімде атқыш ретінде соғысып, Берлинді алу операциясына қатысқан. Кейін 293-атқыштар дивизиясының құрамында Жапонияға қарсы соғысқа қатысып, 1945 жылдың қыркүйегіне дейін майдан шебінде болды.
Майдангердің ерлігі мемлекет тарапынан жоғары бағаланды. Ол "Жапонияны жеңгені үшін" медалімен, II дәрежелі Отан соғысы орденімен, Кеңес Одағының Маршалы Г.К. Жуков медалімен және Ұлы Жеңістің мерейтойлық марапаттарымен наградталған. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хаттарына ие болған.

Соғыстан кейін де елге адал қызмет етті. Владивостоктағы Артем қаласында әскери бөлімдегі комсомол ұйымын басқарды. Кейін туған жерге оралып, білім беру, теміржол және ағаш шеберлігі салаларында ұзақ жыл еңбек етті.
Нұрқасым Әжітайұлы бүгінде ұлы Ермек Нұрқасымұлымен бірге тұрады. Үлкен әулеттің тірегі болған қариян бүгінде 7 баладан немере мен шөбере сүйіп отыр. Отбасы мүшелері де ардагерге барынша қамқорлық көрсетіп келеді.
"Адам қағып өлтіру, есірткі мен тәртіпсіздіктер": Қоғамды дүр сілкіндірген шенеуніктің ұлы Мақсат Үсенов қалай жазадан құтылып келді?