Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елімізде құрылтай депутаттарының өкілеттік мерзімі 5 жыл болмақ

депутат
Фото: Ақорда баспасөз қызметі

Парламент палаталарының бірлескен отырысында “Құрылтай және оның депутаттарының мәртебесі туралы” Конституциялық заң жобасы талқыланып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Заң жобасын таныстырған мәжіліс депутаты Айдос Сарым Құрылтай құрамына 145 депутат кіретінін айтты.

“Құрылтай құрамын 145 депутат қалыптастырады. Олардың өкілеттік мерзімін 5 жыл деп белгілеу ұсынылып отыр”, – деді депутат.

Оған қоса Құрылтай құрамында 8 бейінді комитет құру жоспарланып отыр. Сонымен қатар Конституциялық заң деңгейінде алғаш рет Депутаттық әдеп жөніндегі кеңес туралы нормаларды бекіту ұсынылды.

Депутат Айдос Сарым іс жүзінде комитеттер арасындағы жүктеме бірдей бөлінбейтінін айтты. Оның сөзінше, кей бағыттар дәстүрлі түрде көбірек депутат пен қарқынды жұмысты талап етеді.

“Тәжірибе көрсеткендей, әлеуметтік-экономикалық комитеттер, заңнама комитеті және өңірлік даму комитеті ең көп жүктемемен жұмыс істейді. Өйткені дәл осы комитеттерде заң жобалары көбірек қаралады”, – деді депутат.

Сондықтан депутаттарды комитеттер арасында бөлу мәселесін Құрылтайдың өзі шешуі керек деп есептейді. Оның айтуынша, бәрі комитеттердің алдында тұрған міндеттер мен кадрлық әлеуетке байланысты болады.

“Адам капиталы мен өзекті міндеттерге қарай депутаттардың өзі қай жерде адам күші мен жүктеме көбірек қажет екенін анықтай алады”, – деді Айдос Сарым.

Парламент “Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы” Конституциялық заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Құжатта Құрылтайдың құзыреті айқындалған. Атап айтқанда, заң қабылдау, мемлекеттік органдарды қалыптастыруға қатысу және парламенттік бақылау тетіктерін жүзеге асыру қарастырылған.

Заң жобасын әзірлеу үшін парламент палаталарының бірлескен комиссиясы құрылды.

Комиссия құрамына мәжіліс тарапынан Қайрат Балабиев, Ермұрат Бапи, Марат Башимов және Сергей Пономарев кірді.

Ал сенаттан Айнұр Арғынбекова, Нұрлан Бекназаров, Серік Өтешов және Ғалиасқар Сарыбаев енді.

Комиссия төрағасы болып Марат Башимов сайланды.

Айта кетейік, бұған дейін "Қазақстан Республикасының президенті туралы" жаңа Конституциялық заңда не өзгеретіні айтылғаны туралы жазған едік. 

Stan.kz
Жұма, 08 Мамыр, 2026 10:35