Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ғаділбек Жаңай: Алматыда жыртық аяқ киім, тесік нәскимен жүрген кезім болды

2020 жылдың басында басталған карантин қарапайым халыққа қаншалықты ауыр тисе, елдің алдында жарқырап жүрген танымалдарға да қиындық әкелді. Тойсыз, концертсіз қалып, нәпақасын қайдан табарын білмей дал болғандардың бірі – Ғаділбек Жаңай. Әнші табыссыз қалған шағында тығырықтан қалай шыққанын Қуаныш Шонбайдың YouTube арнасындағы "Кәсіптегі нәсібің" бағдарламасында айтты, деп хабарлайды Stan.kz. 

"Алла жеткізді. Басында қиналып қалдым. Не істеймін деген ой болды. Онлайн, түрлі нұсқалар қарастырдым. Концертті онлайн сата алмайсың. Қиын болды басында, достарымнан қарыз сұрадым. 

Көлігімді сата алмадым. Терезеден қарап тұрып ойладым, дүние деген керек, бірақ жаңағыдай жағдайларда түкке аспайтынын сездім. Аллаға тәуелдіміз, бітті, басқа нұсқа жоқ. 

Айналып келгенде: "Сен қазір жан-жақтан сұрап жатсың, менен сұрасайшы" деп тұрғандай Алла Тағала. Дұға оқыдым. Ең мықты қару екеніне көзім жетті. Қалай дұға жасаймын, солай бола береді ғой.

Мұндай жағдай басымнан екінші рет өтіп отыр. Одан өзім шықтым дей алмаймын, Алла Тағала сүйреп алып шықты", – деген Ғаділбек Алматыға алғаш келген кездегі қиын күндері жайлы баяндады. 

Сөзіне қарағанда, ол кезде қалтасында бір тиын болмаған. Қолдағы бары – Ақтаудағы досы берген таныс жігіттің нөмірі ғана. Бар үміт сонда. 


Ғаділбек Жаңай "Есте сақта" әнін өзге жігіт алып қашқан сүйіктісіне арнағанын мойындады


"Кетіп бара жатқанымда досым: "Мен саған ақша бере алмаймын, бірақ құда баламның нөмірін берейін, сол жақта тұрады" деді. Телефоны өшірулі. Ақшам бітті, аяқ киімім тесік болған ғой, ішіндегі нәскиі автоматты түрде тесік. Жалаң аяқ жүрсің ғой қалада.

Алыс туыс болып келетін әпкемнің кішкентай үйі болды, заттарымды сол жерде тастап кеткенмін. Өзім жаяу жүремін, парктерде ұйықтаймын. Қалтамда 15-20 теңге қалған, самса, бәліш алуға "Сарыарқа" базарына келе жаттым. Соған үлгерсем болды деп армандап келе жатсам, әлгі телефоны өшірулі болған жігітке ұқсайтын бір адам келе жатыр. 

Алланың құдіреті. Әкемді көргенде олай қуанбаған шығармын. Құшақтастық. Сол жерге жақын маңда тұрады екен. 
Менің жағдайымды көріп, толтырып азық-түлік алды. Бірінші мәселе, мені тойдырды", – деп еске алды Ғаділбек. 

Талқылау