Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Футболды теледидардан ғана көрген": Қызылордалық "Қайсар" футбол клубына жаңа директордың тағайындалуы жұртты шулатты

Қызылордалық "Қайсар" футбол клубына жаңа директор тағайындалды. Енді Жағыппар Жұмахметов спортшылардың жағдайын жасап, жанкүйерлердің сенімін ақтауға тырысатын болады. Алайда клубтың жаңа басшысының тағайындалуы қызылордалықтардың басым көпшілігіне жақпай қалды. Жауапты қызметке келген маманның спорт саласында ешқандай еңбек өтілі болмай шықты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Өткен маусым "Қайсар" футбол командасы үшін сәтсіз аяқталды. Сырбойылық спортшылар турнирлік кестеде 19 ұпаймен 13-орынға тұрақтап, бірінші лигаға түсіп қалды. Жағдайды жақсарту мақсатында клуб басшылығында бірқатар ауыс-түйістер орын алды. Оның ішінде футбол клубының директоры болып Жағыппар Жұмахметов тағайындалды.

Жағыппар Насрадинұлы еңбек жолын қарапайым инженер болудан бастаған. Көп жылдар мұнай саласында еңбек еткен. Кейін төтенше жағдай қызметінде тер төккен. Футбол клубының басшысы болып тағайындалмай тұрып, "Қызылорда аз тонналық мұнай өңдеу зауытының" техникалық директоры болған. Жаңа директордың спорт саласында тәжірибесінің жоқтығы жергілікті жанкүйерлері мен қоғам белсенділерінің ашуын тудырып отыр.

"Бұл барып тұрған надандық! "Қайсар" футбол клубы жергілікті бюджеттен қаржыландырылады. 4 млрд теңге бөлінген жылы үлкен шу болған. Журналистер мен блогерлердің арқасында бұл қаражат қысқартылды. Қанша қаржы бөлініп, қолдау көрсетілсе де, спортшылар еш нәтиже көрсетіп жатқан жоқ. Басшылар жергілікті спортшыларды дайындаудың орнына, клубқа легионерлерді шақыртып жатыр. Жаңадан келген директордың спорт саласына, футбол саласына еш қатысы жоқ. Алдағы уақытта да қайсарлықтар жақсы нәтиже, керемет ойын көрсетеді дегенге сену ақылсыздық! Неге футболдан хабары бар азаматты осы қызметке тағайындамайтыны түсініксіз", – дейді қоғам белсендісі Ләззат Бақтыбаева.

Жаңадан келген директорға команда жанкүйерлері де сенімсіздікпен қарап отыр. Сүйікті спортшыларының сәтсіздігінен шаршаған олар, "Қайсарға" ерекше рух беретін басшы келсе дейді.

"Жағыппар Насрадинұлы – білікті мұнайшы, төтенше жағдай саласының білімді қызметкері шығар. Алайда ол спортшы емес. Футболды тек теледидар немесе стадионнан көрген адамға клубты басқаруды беріп қоюға болмайды. Бұл ақылға сыйымсыз әрекет. Жығылғанның үстіне жұдырық болып тұр. Орталық стадион күрделі жөндеуден өтті. Бірақ әлі күнге дейін керемет футбол кешінің куәгері бола алмай жүрміз", –  дейді қызылордалық Сағдат Айжан.

Ал Қызылорда облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасындағылар болса Жағыппар Жұмахметовке толық сеніп отыр. Олар жаңа директор клубты үлкен жетістіктерге жеткізетініне күмән келтірмейді.

"Қайсар" футбол клубына жаңадан тағайындалған директор Жумахметов Жағыппар Насрадинұлы – еңбек жолын инженер болып бастап, басқарма басшысы қызметіне дейін көтерілген, ұзақ жылдар бойы басшылық қызмет атқарған тәжірибелі маман.
Клубтың директоры қаржы-экономикалық, шаруашылық және команданың қызметіне жалпы басшылық жасайды. Ал ойыншыларды іріктеу, саралау, олардың дайындығын қамтамасыз ету жұмыстары бойынша арнайы спорттық директор мен бас бапкер және қосымша бапкерлер қызмет атқарады. Осы ретте, команданың жаңа басшылық құрамының алдына "Қайсар" командасының өткен маусымдағы сәтсіздігінен кейін орын алған кейбір проблемалық мәселелерді шешу және команданы бірінші лигадан Премьер Лигаға қайта шығару міндеті қойылды. Сондықтан клубтың жаңа директоры Жағыппар Жумахметовтің басқарушылық тұрғысынан жинаған мол тәжірибесі аталған міндеттерге қол жеткізуге жетеді деп сенім білдірілді", –  деп мәлімдеді басқарманың баспасөз қызметі.


Футбол жайлы қызықты мәліметтер

Талқылау