Қандай смартфондарға жасанды интеллект енгізілген және ол не істей алады
Жасанды интеллект бүгінде ғаламторда ғана шектелмей, соңғы үлгідегі техникаларға да енгізіліп жатыр. Сounterpoint болжамына сәйкес 2024-2027 жылдар аралығында әлемде жасанды интеллекті бар 1 миллиардқа жуық телефон сатылады. Смартфондағы жасанды интеллект фотоны редакторлап, мәтінді грамматикаға сай түзеп береді. Stan.kz жаңа технологиямен жабдықталған смартфондар топтамасын назарыңызға ұсынады.
Samsung Galaxy S24 Ultra
Фото: samsung.com
Смартфондар әлемінде жасанды интеллект технологиясын алғашқылардың бірі болып Samsung бренді енгізді. Флагмандық Samsung Galaxy S24 Ultra ұялы телефоны титанды корпусқа ие болды. Бұған дейін иілген экранмен шығарылып келген Galaxy S смартфондары бұл жолы тегіс экранмен шектелді.
3-буындағы Snapdragon 8 процессоры ойын ойнап, ауыр бағдарламалармен жұмыс істеуге көмектеседі. Сонымен қатар жасанды интеллект негізіндегі кей функцияларды атқарады. Мысалы, жасанды интеллект видеоконференция мен қоңырау кезінде аударма жасай алады. "Жазбалар" мен браузерде мәтінді қысқарту, қысқа нұсқасын әзірлеу, реттеу секілді мүмкіндіктерді ұсынады. Бұдан бөлек телефонға түсірілген фотоны редакциялайды. Кез келген нысанды белгілеп, оны фотодан өшіріп тастай аласыз.
Ал мессенджерде хат жазу барысында мәтіннің стилін іскерлік, ауызекі стильге ауыстыруға болады. Әлеуметтік желіде жазба көбірек қаралым жинауы үшін тиісті эмодзиді де жасанды интеллект таңдап береді. Керек десеңіз, хештегті қажет орынға қояды.
iPhone 16
Фото: apple.com
9 қыркүйекте көпшілік назарына ұсынылған iPhone 16 смартфонына да жасанды интеллект енгізілді. Apple Intelligence жүйесі фотоны редакциялайды. Мәтінді түзеп, ақпараттарды қорғалған бұлттық жүйеге жібереді. Ағылшынша жасанды интеллект қазаннан бастап енгізіледі деп жоспарланып отыр. 2024 жылдың соңына дейін тағы 5 тілде қолжетімді болмақ.
Visual Intelligence фотодағы нысандарды автоматты түрде таниды. Камераға арналған бүйірлік батырманы басу арқылы белгілі зат туралы ақпарат іздеу, күнтізбеге нақты күнді белгілеу, жануардың қай түрге жататынын анықтау сынды интеллектуалды процесстерді іске қосады.
Google Pixel 8 Pro
Фото: uk.pcmag.com
Жоғарыда аталған жасанды интеллект мүмкіндіктері жаңартылған Google Pixel 8 Pro смартфонында да бар. Ұялы телефон тек өзіне тән Tensor G3 чипсетімен жабдықталған. Үздік камерафон ретінде таныстырылған смартфонның негізгі объективі 50 Мп, аса кең бұрышта түсірілім жасайтын объективте 48 Мп екен. Бес есе жақындата алатын телеобъективі 48 Мп.
Жасанды интеллект фотоны өңдейді. Артқы фондағы көрінбей қалған тұстарын толықтырып, қажетсіз дүниелерді өшіруге болады. Сондай-ақ бірнеше адам фотоға түссе, фотографиялардың ішінен сәтті шыққанын таңдап береді.
Жасанды интеллект видео түсіргенде де көмектесе алады. Мәселен, Video Boost құралы түсірілген видеоның түстерін, жарықты реттеп, сапасын жақсартады. Recorder диктофон қосымшасында сұхбат негізінде презентация әзірлеп, негізгі әрі қажет бөліктерінен қысқа нұсқасын әзірлейді.
Xiaomi 14 Ultra
Фото: Xiaomi
Xiaomi 14 Ultra ұялы телефонындағы жасанды интеллект Samsung смартфонындағыдай үшінші буындағы Snapdragon 8 процессоры негізінде жұмыс істейді. Интеллект фотоның сапасын жақсартуға бағытталған. Мәселен, нысанды 30 есе жақындататын зум жұмысын жасанды интеллект реттейді. Портреттік фототүсірілім кезінде тісті ағартады, терінің түсін реттеп, әжімді тегістейді. Оның үстіне телефон иесі ондаған кадр негізінде өзінің жасанды интеллект моделін жасай алады.
Айта кетері, бағдарламалық жабдықтау жаңартылған соң Xiaomi-дің басқа да модельдері жасанды интеллектпен қамтылады.
Honor Magic6 Pro
Фото: Honor
Honor Magic6 Pro 180 мегапиксельді телеобъективі бар алғашқы смартфон атанды. Ұялы телефонға кіріктірілген жасанды интеллект 100 еселік зумның жұмысына жауап береді. Оның үстіне қолданушының күнделікті әдеттеріне қарай қосымшалар блогын ыңғайлы ете түседі.
Жасанды интеллект фото мен видеотүсірілімі кезінде фильтр қолдануға, селфидің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. "Спорттық портрет" алгоритмі адамдар мен жануарлардың қозғалыс кезінде сапалы фотосына жауапты.
Алдыңғы камера арқылы жасанды интеллект смартфонды көзбен басқаруға жол ашады. Мысалы, бағдарламаның иконкасына бірнеше секунд қарап тұру арқылы қосымшаны ашуға болады. Телефонда электронды кітап оқығанда оны төмен немесе жоғары қарау арқылы парақтай аласыз.
Vivo x100 Pro
Фото: Vivo
Vivo ұялы телефондарында жасанды интеллект көмекші құрал ретінде қызмет етеді. Vivo x100 Pro флагманының Қытайдан өзге елдердегі нұсқасы FunTouch OS бағдарламасының басқаруымен жұмыс істейді. Ал Қытай нарығы үшін Origin OS бағдарламалық жабдықтамасы бар. Жасанды интеллект Origin OS-ке кіріктірілген.
Интеллектті іске қосуға арналған арнайы батырма бар. Көмекші қытай тіліндегі қосымшалармен жұмыс істеуге көмектеседі. Сонымен қатар жасанды интеллектпен фотоны аниме стиліне ауыстыра аласыз. Алайда халықаралық нарыққа арналған нұсқада жасанды интеллект жоқ.
OnePlus 12
Фото: Andrew Lanxon/CNET
Қытайлық OnePlus бренді де 2024 жылдың басында гаджеттеріне жасанды интеллектті енгізетінін хабарлаған. Алайда бастапқыда интеллект тек қытайлық қолданушылар үшін қолжетімді болмақ. Соның ішінде AI Summarizer функциясы телефон қоңыраулары жайлы қысқа анықтама әзірлей алады. Ал ColorOS фотоны редакциялайды. AIGC Remover арқылы фотодан адамдарды немесе белгілі нысандарды алып тастауға болады. Ал Summarizer мақалаларды жинақтап береді. Компания мәліметінше, бір ғана батырманы басып, түйіндемені жасанды интеллекттің көмегімен ала аласыз.
Oрро X7 Series
Фото: oppo.com
Oрро компаниясы 2023 жылы көпшілікке 7 миллиард параметрі бар AndesGPT моделін ұсынған. Жасанды интеллектті алдымен Find X7 құрылғыларына енгізген.
Жасанды көмекші ұялы қоңыраулар туралы деректерді өңдеуге көмектеседі. Ал 2024 жылы тағы 100-ден аса функцияны өз телефондарына енгізген.
Алдын ала мәлімет бойынша алдағы уақытта Oрро ұялы телефонға арналған жаңа жасанды интеллектті таныстырады. Сондай-ақ AI Writer-мен жабдықталған AI toolbox пен AI Recording Summary функциялары қосылады.
Infinix Hot 40 Pro
Фото: kimovil.com
Аталған смартфон 2023 жылдың желтоқсанында таныстырылды. Телефон MediaTek Helio G99 процессорымен жабдықталған. Камерасы 108 мегапиксельді. Ал жасанды интеллект алгоритмдері фотоның сапасын жақсартуға бағытталған. Негізгі камераларына макрообъектив, артқы фонға бұлдыр эффект беруге арналған тереңдік датчигі орнатылған.