Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ферроқорытпа зауытындағы апат: Қарағандыдағы компания Ресей мен Түркиядан дәрігерлер алдырды

Қарағандыда ферроқорытпа зауытындағы апаттан кейін компания басшылығы зардап шеккендерді емдеуге Ресей мен Түркиядан дәрігерлер алдырып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: kapital.kz

Желіде Қарағандыдағы ферроқорытпа зауытының жұмысшылары жалыннан күйіп, зардап шеккендерді эвакуациялау видеосы пайда болды. Видеодан алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін күйген адамдар ауруханаға жеткізіліп жатқаны көрінеді. Жұмысшылардың қатты зақымданғанын және шок алғанын байқауға болады.

YDD корпорациясының баспасөз қызметі жағдайға жауап берді.

"Зауыттағы зардап шеккендерді қызметтік көлікпен ауруханаға жеткізуге қатысты зауыттың шалғайда орналасуына және шұғыл көмек көрсету қажеттілігіне байланысты алғашқы медициналық көмекті өз бетінше көрсету және зардап шеккендерді жедел түрде ауруханаға жеткізу туралы шешім қабылданды. Кезекші көлік зауыт аумағында орналасқан", – делінген хабарламада.

Баспасөз қызметі кезекші көлік зардап шеккендерді профессор Мақажанов атындағы ауруханаға жеткізгенін айтты. Оларға барлық қажетті жедел және амбулаторлық көмек көрсетілген.

Сонымен қатар денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасы бойынша, қосымша медициналық көмек көрсету үшін Астанадағы академик Н.Д.Бәтпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығының директоры Олжас Бекарысов бастаған қызметкерлер Қарағандыға арнайы келді.

“Медициналық топтың құрамына тәжірибелі комбустиолог-реаниматологтар кірді. Елордалық мамандар жергілікті дәрігерлер алғашқы кезде барлық қажетті медициналық көмекті көрсеткенін атап өтті”, – деп қосты ведомство.

Олар алты адамның жағдайы ауыр және өте ауыр деп қосты. Тағы екі науқас жансақтау бөлімінде жатыр. Науқастардың денсаулығы мен өмірі үшін күрес жалғасып жатыр.



Еске салайық, 20 шілдеде Қарағанды ферроқорытпа зауытында төтенше жағдай болып, 8 жұмысшысы әртүрлі дәрежеде жарақат алғанын жазған едік. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, арнайы комиссия да құрылған.

Талқылау