Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"СҚ Фармация" дәрілерді 1 миллион теңгеге сатып алып, дәріханаларда 10 есе арзан бағаға сатқан – Депутат

Фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты Марат Бәшімов денсаулық сақтау саласындағы олқылықтарға денсаулық сақтау министрлігін кінәлады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Депутат дәрі-дәрмектің сатып алу бағасы мен нарықтық құнының арасында айтарлықтай айырмашылық бар екенін алға тартты.

"Мұнда көп сөзбен алдап, ауызға қақпақ болудың қажеті жоқ! Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік саясат Денсаулық сақтау министрлігінің тікелей құзыретіне жатады. Дәрілік заттарға баға белгілеу әдістемесін қалыптастыру және ұсынылған бағаларды бекіту де министрліктің құзырында. Бұл да ұлттық қауіпсіздік мәселелері, өйткені олар халықты, қоғамды толғандырады. Жоғарғы аудиторлық палатаның аудиті дәрі-дәрмек бағасын белгілеуде айтарлықтай кемшіліктерді көрсетті. "СК-Фармация" сатып алатын топ-15 дәрінің ішінде сатып алу бағасының дәріханалардағы бағадан асып кетуі 30% жоғары", – деп мәлімдеді Бәшімов.

Депутат келтірген мысал бойынша, шекті баға 1,146 млн теңге болғанда, бір ерітіндіні 1,008 млн теңгеден сатып алып, дәріханаларға оны 137 500 теңгеден сатқан. 

"Бағаны 633% өсірген! Ойланыңыздар, құрметті депутаттар. Не деген сұмдық! Бірден "фармацевтикалық мафия", фармацевтикалық ұйымдасқан қылмыстық топ деп аталатын сыбайлас жемқорлыққа, бағаны көтеруге қатысты сұрақтар туындайды. Жылдан жылға "Бұл салада тәртіп орната алмай келе жатырмыз" дейсіздер. Өйткені кез келген мәселе ашықтыққа, мөлдірлікке және ұрлық үшін қабылданатын қылмыстық жауапкершілікке келіп тіреледі.   Жоғары аудиторлық палата талдауына сүйенсек, 2024 жылға топ-15 дәрі-дәрмек сатып алу бойынша ықтимал шығын 36 млрд теңге болып отыр. Бұл денсаулық сақтау министрлігінің сатып алу процесін бақыламайтынын көрсетеді. Неге ол дәрілерді тікелей сатып алмайды? Бұл салада тәртіп орнату керек", – дейді депутат.

Айта кетейік, депутат Бақытжан Базарбек те мәжіліс отырысында миллиардтаған шығынға және дәрі-дәрмек бағасының шарықтап кетуіне әкеп соқтырған әрекетсіздігі үшін денсаулық сақтау министрлігі мен "СҚ-Фармация" компаниясы жұмысын қатаң сынға алған.

Аида Тақабаева
Сәрсенбі, 04 Маусым, 2025 18:07
Талқылау