“Евразия” арнасы бас директорының орынбасары “Қалаулым” бағдарламасына айтылған сындарға жауап берді
“Евразия” бірінші телеарнасы бас директорының орынбасары, экс-сенатор Светлана Жалмағамбетова “Қалаулым” бағдарламасына қатысты айтылған сынға жауап берді. Ол “Нұр Отан” партиясы жанындағы “Мирас” республикалық кеңесінің отырысында айтты.
Бұл туралы Sputnik Қазақстан хабарлайды
“Еуразия” бірінші арнасында көрсетілетін “Қалаулым” бағдарламасы туралы жұрт біраздан бері шулап жүр. Халықтың наразылығынан кейін ақпарат және коммуникациялар министрлігі бағдарламаны тексеруге уәде берген еді. Алайда көпшіліктің сынына ұшыраған “Қалаулым” әлі эфирден көрсетіліп келеді.
Мәжіліс депутаты Бақытгүл Хаменова елімізде түкке тұрғысыз жеңіл дүниелер түсіру сәнге айналып бара жатқанын айтып күйінді.
Осыдан кейін экс-сенатор, телеарна бас директорының орынбасары Светлана Жалмағамбетова жиында айтылған біраз сынға жауап берді.
“Қалаулым” бағдарламасына тоқталайын. Бақытгүл, (мәжіліс депутаты Хаменова) сізге бағдарлама ұнамайды. Сіз көрмесеңіз, көрмей-ақ қойыңыз. Бұл басқа ток-шоулармен салыстырғанда рейтингісі ең жоғары бағдарлама. Бірде-бір телеарнада 3 сағат бойы көрерменнің назарын ұстап отыратын бағдарлама жоқ”, — деді ол.
Жалмағамбетова рейтингісі жоғары “Қалаулым” бағдарламасында өте өзекті мәселелер қозғалатынын атап өтті.
“Бұл бағдарлама өте маңызды мәселелерді көтереді. Бүгінгі таңда, өкінішке қарай, елімізде тұрмыс құрмай, жалғыз қалған қыздар көп. Олар анда-мында баруға ұялады. Ал бұл мәселені біз тек тоқал алып қана шешу керекпіз бе? 21 ғасырда өмір сүре отыра, неге орта ғасырға шегінуіміз керек? Бұған қоса құрылыста, тағы басқа жерлерде жұмыс іздеп жүрген азаматтар көп, олар үйленуге уақыт таба алмай жүр. Сондықтан осындай азаматтар бағдарламаға келеді. Әлеуметтік желіде жаман пікірлер айтылып жатыр дейсіздер. Бірақ жақсы пікірлер де бар. Бізге көп хат түседі. Көрермендер хабарласып, “бағдарламаны неге Астанада түсірмейсіңдер? Біз де қатысайық” дейді. Ал енді бірі алғысын білдіріп жатады”, — деді экс-сенатор.
Жалмағамбетова рейтинг үшін бастапқы кезде эфирден ыңғайсыз жағдайлар көрсетілгенін мойындады.
“Алғашында рейтингті көтеру үшін біз тікелей эфирде қолайсыз жағдайларды көрсеттік. Бірақ бағдарламаның рейтингісі көтеріле бастаған соң, бұл мәселені басқаша шеше бастадық. Қазіргі таңда бізде техникалық мүмкіндіктер жетерлік. Егер эфирде ұрыс-керіс шықса, барлығын кесіп тастаймыз. Осылайша бағдарламаны ретке келтіріп жатырмыз”, — деді сөз соңында ол.
Тағы оқыңыз:
Құтқарудан бас тартты: Қостанайлық қыз пәтерге құбыр арқылы көтерілмек болған
Оралдық әйел төрт баласын тастап, басқаға тұрмысқа шығып кеткен
Тасқынға байланысты Тұздыбастаудағы жағдай ушығып барады
Жапон қызына үйленген қазақ жігіті: Әйелім туыстарымнан қарыз сұратпайды