Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Керемет камбэк: Қазақстан өз алаңында Дания құрамасын жеңіп кетті

Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу сатысында бүгін Қазақстан құрамасы өз алаңында Даниямен кездесті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Ел құрамасы құрлықтық додада H тобында сынға түседі. Қарсыластары – Дания, Словения, Финляндия, Солтүстік Ирландия және Сан-Марино.

Бүгінгі кездесуде даниялық футболшылардың басымдығы байқалып тұрды. Нәтижесінде олардың қатарынан Расмус Хёйлунн 21, 36-минутта қос гол соғып, басымдықты арттырды.

Екінші кезеңде қазақстандық құраманың да белсенділігі байқалды. Қарсыластар қақпасы маңында жиі бой көрсетті. Ойынның 73-минутында даниялық футболшылар өзінің айып алаңында ереже бұзды. Қақпаға белгіленген пенальтиден Бактиёр Зайнутдинов мүлт кеткен жоқ.

applewin

Ал, 86-минутта Асхат Тағыбергеннің алыстан шірене тепкен добы қақпа торында тулап жатты. Қазірге дейін 43 ойын өткізген ол алғашқы голын соқты. Сондай-ақ, 89-минутта әуелеп келген допты Абат Айымбетов баспен қақпаға енгізді.

Осылайша, Қазақстан қарсыласынан 3:2 есебімен басым түсті. Екі команда бұған дейін төрт мәрте кездескен еді. Оның барлығында даниялық футболшылар жеңіске жеткен болатын. Бұл жолы қазақстандық құрама сол кеткен есені қайтарды.

Енді Қазақстан алдағы ойынын 16 маусымда сырт алаңда Сан-Мариноға қарсы өткізеді.

Талқылау