"Етегіне жем салып, есекке бердік": Гүлзира Айдарбекова ұлы Қайрат Нұртастың қатты сырқаттанып қалған кезін есіне алды
Отандық продюсер Гүлзира Айдарбекова ұлы Қайрат Нұртастың бала күнінде қатты ауырғанын есіне алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: бағдарламадан скриншот
Өнер иесі ауырғанда дәрі ішпеуге тырысатынын жасырмады.
“Өмірімде ауруханаға жатып көрмегенмін. Балаларым ауырғанда да жатпадым. Бір уақытта Қайрат ауырып, жаттық. Түнде ауруханадан қашып шықтым. Үстіне қызыл бөртпе шығып кетті. Медицинадан ем қонбады. Содан Нұрекеңе айтып, есек іздеуге шықтық. Талғар жақтан есек табылып, Қайратқа кең жейде кигізіп, етегіне салып жем бердік. Содан есекжем деген сырқатынан құлан-таза айықты. Қазақы ем-домдарды жақсы көремін. Қойдың майымен сылап, ыстық сорпа ішкізіп, балаларымды жазып аламын”, – деді продюсер.
Сонымен қатар өзі де косметологиялық процедураларды қолданбайтынын айтты.
“Бетіме көбіне массаж жасатамын. Массаж кәдімгідей бетімді тартып тастайды. Жақсы әсер етеді. Әжімдерімді кетіреді. Уколдан қатты қорқамын. Өйткені осыдан 5-6 жыл бұрын ботокс саламын деп біраз мимикаларым өзгеріп кеткен. Одан кейін бірден тоқтаттым. Ішектер арқылы бетті тазартып, дақтарды кетіретін, денсаулықты түзеуге көмектесетін компанияның өнімдерін қолданамын", – деп жауап берді Қайрат Нұртастың анасы.
Еске салайық, Гүлзира Айдарбекова гардеробын көрсетіп, қымбат бұйымдарға қызығатынын жасырмады.