Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ет пен тұзды шамадан тыс көп пайдалану онкологиялық ауруларға әкелетіні анықталды

Жақында өткен парламенттік тыңдауда еліміздің онкологтары ет пен тұзды көп пайдаланудың зияны туралы айтты. Бұл дәстүрлі тамақ мәдениетінен бас тарта алмайтын адамдар «құлаққа ілмейтін» ескерту. Дегенмен… Америкада темекі шегумен күрестің арқасында 20 жылда өкпе рагынан өлетіндер саны 30 процентке төмендеген. Ал ет жеуді азайту ішек рагына ұшырауды азайтады.

Ет пен тұзды шамадан тыс көп пайдалану онкологиялық ауруларға әкелетіні анықталды

Бұл туралы Астана арнасы хабарлайды.

Бүгінде елімізде әйелдер де, ер кісілер де арасында ішектің қатерлі ісігі 5-орыннан 3- орынға шыққан, -деді Онкология және радиология  ғылыми-зерттеу институтының директоры Диляра Қайдарова. Ет «түсіне ғана кіретін» адамдардың аз еместігі басқа әңгіме.

Бірер күн бұрын ота жасалған Ақылбек аға енді дәрігерлердің жіті назарында болады. Ішіп-жегені бақыланғаны өз алдына, тамақтанудың өзін балаша қайта үйренуге тура келеді. Алпысты алқымдаған азамат үшін бұл ауыр, әрине. Дегенмен «қатерлі ісіктің» өз талабы бар.

«Кішкене ғана ауыратын қабырғасы асқазанның. Соны екі ай бұрын наурыздың аяғында тамақ өтпей қалды. Өңештен асқазанға. Құсып тастап отырдым. Сосын ауруханаға бардым», – дейді Ақылбек Бегалинов.

Тексере келе дәрігерлер рактің асқазанды түгел жұтып қойғанын анықтаған. Үрейлісі, аға ағзадағы кінәратты еш сезінбепті. Асқазан жүйесінде оқтын-оқтын ауырсыну болып тұрған. Бірақ оған мән бермедім,-деп қынжылады. Міне, обырдың қауіптілігі де осында.

«Қатерлі ісіктер, бұлар өте жасырын түрінде өтеді. Яғни, бастапқы, 1-ші, 2-ші сатысында бұл білінбеуі мүмкін науқасқа. Ешқандай жері ауырмауы мүмкін. Ешқандай белгілер бермеуі мүмкін», – дейді  Павлодар облыстық онкологиялық диспансердің онколог-дәрігері Ернұр Неғманов.

Соңғы жылдары ғалымдар жұрттың көбісіне ұнай қоймайтын тұжырым жасады. Өңделген және қызыл етті шамадан тыс пайдалану ағзаға қауіпті. Тіпті, бұл өнім қатерлі ісікке әкелетін факторлардың бірі болуы ықтимал.

«Қақталған шұжықтар, көп мерзімге дейін сақталатын азық-түліктер, тамақтар әр түрлі. Одан басқа бұл тамақтар көп консерванттар құрамында бар. Сондықтан олардың бәрі қатерлі ісікке және де басқа да мысалы ас қорыту жүйесі ауруларына әкелуі мүмкін», – дейді  Павлодар облыстық онкодиспансердің бөлімше меңгерушісі Қазбек Қарабаев.

Мамандар күнделікті сіз бен біз жейтін қақталған шұжық, сосиска мен хот-догты 1-ші топтағы зиянды тағамдар санатына қосқан. Оны мөлшерсіз пайдалану қатерлі ісікке әкелетіні дәлелденген де. Ал, одан кейінгі сатыда қой, сиыр және шошқаның қызыл еті тұр. Бұлар обырдың қоздырушысы.

«Ата-бабамыздан қалған салт-дәстүр, әдет-ғұріп дейміз бе білмеймін, соғым сойғаннан кейін соғым етін көп сақтау үшін біз оны сүрлейміз. Сол сүр етімізді көктемге дейін сақтап, сосын оны пісіріп жейміз. Әрине бұл еттің тұзы көп», – дейді Павлодар облыстық онкодиспансердің бөлімше меңгерушісі Қазбек Қарабаев.

Иә, қазақ үшін еттің орны бөлек. Дастарқанның басты асы. Қонақтың қадірлісіне ұсынылатын несібе, ол. Тіпті, тағамда ет болмаса, оны тамақ деп қабылдамаймыз. Десе де, кез келген нәрсенің өз өлшемі бар. Сол сынды етті де мөлшерлеп пайдаланған жөн,-дейді академик Шарманов.

«Баппен пісіріп, оны турағанда да ұсақ, сіңімді ететіндей ғып, басқа тағамның түрлерімен араластырып, көкөніспен, бәрімен пайдаланса оның зияндығы өте аз. Тек қана етпен қоректенсе, ол зиянға апарады. Міндетті түрде. Тек қана етпен қоректенсе, ол жақсы емес. Әртүрлі болу керек. Тамақтың құрамында ет те, көкөніс те, бидайдан жасалған да, оның бәрі аралас болу керек», – дейді ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Төрегелді Шарманов.

Соңғы есептерге сүйенсек, әлемде жыл сайын 34 мың адам етті шамадан тыс пайдаланғаннан көз жұмады екен. Тік ішек рагінің 21 пайызы қызыл етті көп мөлшерде жеуден туындайды. Жалпы обырдың 3 пайызы ет өнімдерімен байланысты.

Қалай десек те, қазаққа еттен бас тарт деу ағаттық. Ұлттық тағамның «көкесіне» айналған астың қадір-қасиеті бөлек бір әңгіме. Айтпағымыз, ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеу. Алайда, онколог-дәрігерлер бұқара өз денсаулығына салғырт қарайтынын айтып дабыл қағуда. Бұл да обырдың өршуіне әкелетін басты фактордың бірі.

Қатерлі аурудың алдын алу үшін елімізде скрининг бағдарламасы жұмыс істейді. Мәселен, тек Павлодар өңірінде былтыр 120 мың адам тексеріліп, 163 обыр дерегі анықталған. Биылғы үш айда скринингтен өткен 12 мың тұрғынның 8-нен қатерлі ісік табылыпты. Айта кетері, аталған медициналық қызмет тегін жүргізіледі. Алайда, дәрігерлер бұл істе жоспар 100 пайыз орындалмайтынын жеткізді. Қаржы бөлінгенмен,игерілмейді.

«Мүмкін кейбір адамдар біздің ғимараттан қорқады. Жалпы онкология деген атынан қорқады. Сол себептен келмеуі мүмкін. Мұндай кісілер өте көп. Ақылы дұрыс адам болса, ол бәрін салмақтап, өлшеп, үйде қорқып отыра бергеннен бұл кісіге пайда әкеледі ме, әкелмейді ме деген ой әрқайсысында туу керек. Неге десеңіз үйде отырғанмен бұл ауру болса, бұл ешқайда кетпейді. Тек ұлғая береді», – дейді  Павлодар облыстық онкологиялық диспансердің онколог-дәрігері Ернұр Неғманов.

Оралдық қыз-келіншектер де денсаулығын тексертуге асығар емес. Емхана өкілдері мәлімдегендей, скринингтен өтуге шақырылған 3500 әйелдің үштен бірі ғана тексеруден өткен. Дәрігерлер тағы да сол, тұрғындардың көбінің «қатерлі ісік дерті табыла ма» деп қорқатынын айтады. Енді бірінің емханаға арнайы баруға уақыты жоқ. Бірақ қатерлі ісіктің алғашқы кезеңі елеусіз өтетінін алға тартқан дәрігерлер тексерілуге кеңес беруден жалықпайды.

«Өз еркімен профилактикалық, яғни алдын-ала тексеріске келуге бейімделмеген. Тек ауырған кезде, ауруы асқынған кезде ғана келеді. Адам қаншалықты ертерек келіп, тексерістен уақытылы өтетін болса, соншалықты ауруын асқындырмауға болады», – дейді медбике Таңшолпан Борисова.

Батыс Қазақстан облысы бойынша 7000-ға тарта адам онкологиялық ауруға шалдыққан. Соның ішінде әйелдер арасында сүт безінің ісігі жиі кездеседі. Онкологтардың мәліметінше, әрбір он бірінші әйел осы дертпен ауырады.

«Әркім өзінің денсаулығына жауап беруі керек. 80 пайызы бізге байланысты, ал қалғаны дәрігерлерге ғой. Бірақ шақырған уақытта келуі керек, шақырмаса да өз денсаулығың үшін келіп бақылаудан өтуің керексің. Негізінде оны дәрігердің мойнына арттырып қоюға міндетті емеспіз ғой шақырмады, шақырған жоқ деп», – дейді  Орал қаласының тұрғыны Роза Есенғалиева.

Қатерлі ісік деңгейі бойынша, алғашқы үштікке кіретін Павлодар өңірінде 11 мың науқас дәрігердің жіті бақылауында тұр. 100 мың адамға шаққанда 141 адам осы дерттен бақилық болады. Аурудың көшбасында сүт безі ісігі, одан кейін өкпе, тері обыры және асқазан рагы.

«Мұндайға жеткізбеңіздер деймін. Кішкене ауырды, басылды, жарайды жүре берейік, тағы кішкене ауырды басылады деп, олай істемеу керек. Дәрігерге барып, тексеру жүргізу керек. Қазір медицина күшті, неше түрлі құралдар бар, жабдықтар бар. Мемлекет беріп жатыр», – дейді Ақылбек Бегалинов.

Оқи отырыңыз:

Қостанай облысында 15 жастағы қыз сифилис жұқтырып алған

Ғалымдар: Етті шамадан тыс пайдалану қатерлі ісікке әкеледі

Алматы тұрғыны: Тамағы ауырып емханаға түскен ұлым дәрігерлердің кесірінен көзі көрмей, құлағы естімей қалды

Мен өзім қалаған әйелге үйлендім: Бауыржан Момышұлы жайлы естелік

Талқылау