Ешкімге айтпадым: Маржан Арапбаева жеке өміріндегі қуанышты хабарды жеткізді
Отандық жұлдыздар тыңдармандарын шығармашылығымен қатар жеке өміріндегі жаңалықтарымен де қуантуға асық. Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне сұхбат берген Маржан Арапбаева жүкті екенін жеткізді. Әнші осы жылдың соңында үшінші мәрте ана атанбақ ниетте.
«Осы уақытқа дейін ешкімге айтқан жоқпын. Инстаграмға салмай, ешбір жерде білдіртпей жүруге тырысып жатырмын. Бірақ жұрт естиді, халық біледі. Иә, жақсы жаңалық. Құдай қаласа жақын арада тағы да ана атануға дайындалып жүрмін. Уақыт 2-3 айдай қалды деп айтсам болады», – дейді Маржан Арапбаева.
Маржанның қос қызы бар. Тұңғышы Амира, екінші бұрымдысы Аилин. Анасының жүкті екенін естіген әпкелері сіңілілерін тағатсыздана күтіп жүрген көрінеді.
«Әсіресе әпкерлері қуанып жатыр. Мама, сәби қашан болады? Қашан сәби дүниеге келеді деп сұрайды. Кішкентай қызым қатты күтіп жүр. Мен оған қараймын, мен оған сүт беремін, мен онымен ойнаймын деп жаңағы ерекше күту үстінде», – дейді әнші.
Арапбаева көпбалалы аналардың қатарын толықтырғысы келеді. Бірақ өнер жолының қиындығына да төтеп беру керектігін айтады. Қырыққа қадам басқан өнер иесі үш баламен тоқтап қалмау керектігін естен шығарған емес.
«Біздің жұмыс кестеміз өте қиын. Жалпы, өнер жолы өте қиын. Бала туып, отбасының бірлігін ұстап отыратын арнайы әйелдер болады. Ондай әйелдер өте көп. Олардың еңбегі өте зор. Оның өзі бір үлкен атқаратын жұмыс. Ал енді біз өкінішке орай үш күнде үйде жоқпыз, екі күн үйдеміз. Бір аптаға қайтадан гастрольге кетіп қаламыз. Бірде көңіл бөлеміз отбасыға, бірде оған уақыт жетпей қалады. Енді мүмкіндігінше, Құдайдың бергеніне шүкір деп отырмыз. Әрине бала көп болса, соғұрлым жақсы деп ойлаймын», – дейді Арапбаева.
Маржанның декреттік демалысы ұзаққа созылмайтын сынды. Әнші үшінші сәбиін дүниеге әкелген соң, бірден шығармашылыққа білек сыбана кіріспек ниетте.
«Декретке кетемін деген үміттемін. Бірақ кете алмайтын секілдімін. Кетсем де ұзаққа кетпеймін. Енді өнері адамына қиын. Шыны керек бір нәрсе жетіспей тұрғандай боласың. Бір апта үйде отырып қалсам, сол кезде өзіңді бір жаман сезініп қаласың. «Маған не болды? Маржан сен жұмыс істемей жатырсың, Маржан сен оян» – деп өзімді қамшылай бастаймын. Сондықтан өнерде жүрген қыз-келіншектер сахнасыз өмір сүре алмайды», – дейді Маржан.
Айта кетейік, Маржанның бірінші некесі сәтсіз аяқталып, екінші мәрте тұрмыс құрған болатын. Үлкені Амира алғашқы күйеуінен туған қыз. Қазіргі таңдағы жолдасы Ербол екінші перзентінің әкесі. Отағасы Астанада полиция қызметкері көрінеді.
Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады!