Ермаxан Ыбрайымов: Головкиннің жасы сыр бере бастаған секілді
Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбрайымов Геннадий Головкин мен Дэниэл Джейкобс жекпе-жегі жайлы өз көзқарасын білдірді, деп хабарлайды Қазақпарат.
Ермахан Ыбрайымов 12 раундқа дейін нокаутсыз өткен кездесудің нақты екі себебі барын айтты.
“Біріншіден, соңғы кезде Геннадийге қарсы шығатын боксшы табылмай кетті, жоқтың қасы деуге болады. Сосын оны “монстр” – бәрін жапырып тастайтын боксшы ретінде көп көрсетіп кетті. Дәл осы мифті сейілтіп, қарсыластардың қорқынышын азайту үшін ол барлық 12 раунд бойы бокстасты. Екіншіден, ерте ме, кеш пе, уақыт өзінікін алады. Геннадий Головкин қазір 34-те, биыл 35-ке келеді. Қанша айтсақ та, адамның жылдамдығы бәсеңдейді, күші сарқылады. Меніңше, уақыт та болған сияқты. Адамның ресурстары шексіз емес қой”, – деді Ыбрайымов.
Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбрайымов Геннадий Головкинге соңғы белбеуді (қазіргі иесі – британдық боксшы Сондерс) алғаннан кейін Сауль Альваресті күтіп жүгіре бермей, келесі салмақ дәрежесіне ауысуы керек екенін айтты. Өйткені ол жақта қызықты әрі тартысты жекпе-жектер көп болады.
Айта кетейік, Геннадий Головкин 18 наурыз күні Нью-Йоркте америкалық Дэниэл Джейкобспен жекпе-жек өткізіп, орта салмақтағы WBA (Super), IBO, WBC және IBF нұсқалары бойынша барлық белбеулерін қорғап қалды. Айқастан кейін Головкин осы жолғы айқасты 12-раундқа дейін жеткізуді көздемегенін айтты.
Жіберіп алмаңыз:
Флойд Мэйвезер Геннадий Головкинге жаңа лақап ат қойды