Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар елімізде әйел болудың қандай кемшіліктері барын айтып берді

Қазақстанда әйел болу қандай сезім? Арулар күнделікті өмірде қандай қиындықпен бетпе-бет келеді, қоғамда ерлермен теңдей мүмкіндіктерге ие ме? Халықаралық әйелдер күні қарсаңында осы жайлы қазақстандық белсенді әйелдердің пікірін сұраған едік.

“Әйелдер әрдайым екінші орында...”

“Немолчи.kz” қорының негізін салушы, қоғам белсендісі Дина Таңсәрі еліміздегі жүйе ер адамдарға ыңғайлы етіп құрылғандықтан, әйел адамдар көп қиындықпен бетпе-бет келетінін атап өтті. Оның айтуынша, еліміз демократиялы, унитарлы мемлекет деп бекітілсе де, патриархалды қоғамда өмір сүреміз. Сол үшін қазақстандық әйелдер мәселе мен өзіне жүктелген міндеттемелерден бас тарта алмай, өмір бақи соны арқалауға мәжбүр.

“Қазақстанда зорлық-зомбылық көп, соңғы он жылдағы статистика соны дәлелдейді. Өйткені сексисттік жүйе белең алған, құқық қорғау органдары осындай көзқарасты ұстанады. Сондай-ақ, жемқорлық жайлағандықтан, әйелдер қолдаусыз қалады. Мұндай жүйе әйелді ерлерге тәуелді етуге барынша тырысады әрі зорлыққа көз жұма қарайды. Бұл жағынан әйелдердің жолы ауыр. Олар екінші орында қалып қояды және бұл барлық салада сезілетіні өкінішті”, – деді Таңсәрі. 

Қоғам белсендісінің пайымдауынша, тұрмыстық, жыныстық зорлық-зомбылық бойынша заң қайта қарауды қажет етеді. Өйткені БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитеттің ұсынысына сай келмейтін тұстары бар.

“Немолчи.kz” қорының басшысы қазақстандық әйелдердің ерік-жігеріне, мықтылығына таңдана қарайтынын жасырмады. 

“Қазақстандық әйелдер өте мықты. Ерлерден де мықты. Олар ерлердің ойына да келмеген күресте күнде айқасады. Қоғам әйелге қарсы тұрса да, күресуден тайынбайды. Басқа елдермен салыстырмалы түрде, мысалы Орталық Азиядағы Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстанның аруларымен салыстырғанда қазақстандық қыздар ойларын айтып, құқықтарын қорғайды. Еркіндікті аңсайды, қазіргі таңда сайлауға қатысып, депутаттыққа өз кандидаттығын ұсынулары да соны дәлелдейді”, – деді Дина.

Әйелдердің құқығын қорғаушы парламент депутаттығына әйелдер сайланады деп үміттенеді. Оның айтуынша, шынайы теңқұқылы қоғамды орнатуға қадамдар жасалып жатыр.

“Басшылықта әйелдер аз”

2022 жылғы президенттік сайлаудың кандидаты, “Ауыл” партиясының мүшесі және саясаткер, "Сен қазақтың қызысың, мақтан ет!" кітабының авторы Қарақат Әбден керісінше қазақстандық әйел болғанына мақтанатынын атап өтті. Оның айтуынша, елімізде ежелден қызға ерекше көңіл бөлініп, оны құрметке бөлейді.

“Ежелден-ақ қазақ қызы еркін өскен, өзінің ойын ашық білдіретін, ер адамның қолқанаты болып, үлкен құрметке бөленетін болған. "Қыз өссе – елдің көркі", "Жұмақ – ана табанының астында" сынды қазақтың дана сөздері соның айқын дәлелі. Осы Орта Азия аймағындағы басқа халықтарға қарағанда, қазақ әйелінің құқықтары ерлермен тең болған. Бүгінгі қазақстандық әйелдің қоғамдағы орны айқын. Тіпті өзімнің өмірлік жолыма қарасам, менің мансабыма ешкім кедергі болған жоқ”, – деді саясаткер.


2023 жылға Қазақстан қалаларына арналған ораза кестесі жарияланды


Ол әйелдер қауымы ер кісілер атқаратын істің бәрін істей алатынын және қыздардың көп салада жетістікке жетіп жатқанын атап өтті. Десе де ол басшылық лауазымдарда әйелдер әлі де аз екенін мойындап, сол бағытта жұмыс істеу керек екенін түсіндірді.

“Қоғамда әйелді төмен санап, зорлық-зомбылық көрсететіндер де бар. Бұл мәселе бойынша  үлкен жұмыс атқару қажет. Десе де, қолдау болса, қазақстандық әйелдің күш-жігері, мүмкіндіктері осы мәселелерді шешуге әбден жетеді. Себебі әйел – қоғамның қозғаушы күші, оның берекесі мен ұйытқысы. Ұлттық құндылықтар мен ұлттық тарихтың, мәдениеттің сақтаушысы болған қазақстандық әйел болу – бұл шынымен де зор бақыт”, – деп аяқтады ол сөзін.

“Әйелдердің жеке дамуына тосқауыл бар”

FemAgora феминистік қорының мүшесі әрі қоғам белсендісі, журналист Фариза Оспан елімізде әйелдердің өзіндік дамуына тосқауыл барын, бірақ мұны жеңіп шығуға болатынына сенімді.

“Қазақстандық қыздар жиі зорлық-зомбылыққа душар болады. Тұрмыстық, сексуалдық сипаттағы азғындық қаупі өте жоғары. Әрине, бұл мәселе әлем бойынша өзектілігін жоғалтпайды және ол бұрыннан бар мәселе. Қазір мұндай жағдайға назар аударып, шешілуіне жағдай жасалып жатыр. Бірақ жылдар бойы қаншама қазақстандық қыздар өзінің зорлық-зомбылықтың құрбаны екенін жасырып келді”, – деді қоғам белсендісі.

Оның айтуынша, қоғамда әйелдердің әрі қарай жеке дамуына, ізденіске түсуге мүмкіндік берілмейді. 

“Қазақстанда әйелдер ғана декреттік демалысқа шығады, күйбең тұрмыс үшін мансабын құрбан етуге мәжбүр. Үй жұмысы тек әйелдің мойнына жүктелген. Ақысы төленбейтін үй тірлігімен айналысады. Сонымен қатар, елімізде әйелдер мен ерлердің жалақысы арасындағы айырмашылық көп.  2021 жылы әйелдердің орташа айлық жалақысы 220 мың теңге, ал ерлердікі 280 мың теңгеден асты, яғни айырмашылық  21,7 %-ға тең”, – деді Оспан. 

Феминистік қозғалыстардың жақтаушысы еңбек нарығындағы кәсіби мамандардың 73%-ы әйелдер болса да, олардың орташа жалақысы ерлерден қарағанда едәуір төмен екенін айтты.

“Әйел әлсіз қауым емес”

Фариза Оспан әйелдерді әлсіз қауым және құрбан ретінде қарастыруға қарсы екенін түсіндірді. Ол өзінің зорлық-зомбылықтың құрбаны болғаны еске ала отырып, әйелдер өз өміріне жауапкершілік ала алатынын айтты.

“Мен де зорлық-зомбылық құрбаны болдым, бірақ мен бұл мәселені еңсердім. Өйткені өз өміріме жауаптымын. Сондықтан қазақстандық әйелдерді, соның ішінде зорлық-зомбылық құрбандарын шешім қабылдай алмайтын әлсіз қауым ретінде қарастыруға болмайды. Біз бәрін істей аламыз. “Құрбан” деген стигмадан арылған жөн. Жынысына қарамастан, әркімнің әлсіз тұсы бар және әлсіздікті әйел жыныстылармен байланыстырудың қажеті жоқ”, – деді белсенді.

Талқылау