"Еркек жайдан-жай ұрмайды": Блогердің әйелдерге жасаған мәлімдемесі қазақстандықтардың ашуын келтірді (видео)
Танымал блогер әрі дәрігер Балнұр Қошанова тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы мәлімдемесінен кейін қазақстандықтардың наразылығын тудырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Әлеуметтік желідегі парақшасында блогер отбасын сақтап қалу үшін ер адам ұрса да, шыдауға кеңес берген. Сондай-ақ ол көзінде неліктен көгерген із барын түсіндірді.
"Күйеуің ұрса, шыда деп тұрғаным жоқ. Бірақ шыдағаныңша шыда болыңыз. Неліктен? Өйткені, Алла ажырасуды ұнатпайды. Ерлі-зайыптылардың ажырасуына себепші болғандарды Алла жақсы көрмейді. Сондықтан араларыңда не болғаны өздеріңе ғана белгілі. Араларыңызда не болғанын психологтар да, жаттықтырушылар да білмейді, тіпті ата-анаңыз да. Әркімнің өз шындығы бар. Әркім өзін ақтауға тырысады. Неге ұрғанын, не үшін ұрғанын өзің ғана білесің. Психологияда егер әйел 5000 сөз сөйлей алатын болса, еркек 20 сөз ғана айта алады дейді. Сөздері таусылғанда, ер адам жұдырығына жүгінеді. Сондықтан ол сізді жжайдан жай ұрмайды. Ұруға да себеп бар. Мен сендерге ұрғандарға шыда демеймін. Бірақ шыдама деп те айтпаймын. Неліктен? Өйткені бұл сіздің мәселеңіз және сіз оны маған қарағанда жақсы түсінесіз. Араларыңыздағы бала ше? Әкесіз өскен бала бақытты болады деп ойлайсыздар ма? Сондықтан, мүмкіндігінше отбасыңызды сақтап қалуға тырысыңыз", - деді ол.
Желі қолданушылары блогердің мәлімдемесіне қарама-қайшы пікірлерін білдірді.
"Шыдап жүргенде өлсең ше? Сол кезде ғана бала жетім қалады", "Сұмдық, еркектерді ақтап жатырсың ба?", "Үнемі ұрыс-керіспен өмір сүрген әйел бақытты болмайды. Ондай ананың баласы да бақытты болмайды", "Әйел еркексіз де бақытты болады", – деп жазды олар.
Айта кетейік, бұған дейін Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жаза қатаңдатылғанға дейін күйеуінің қолынан көз жұмған әйелдер туралы жазған едік.