Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мәйітті көру оңай болмады": Абай облысындағы ерікті отбасы қарсы болса да, волонтерлікпен айналысып жүр

Еріктілер – қоғамда тасада жүріп-ақ түрлі мәселені шешуге қолғабыс ететін қайырымды жандар. Солардың бірі 36 жастағы Семей қаласының тұрғыны Рахымбаева Әлия. Еріктілікке шын ниетімен келген отанасы жоғалған адамдарды іздеп табуда көп жұмыстар атқарыпты. Айтуынша қоғамда аса қатты бағаланбайтын бұл жұмыста төзімділік пен ұстамдылық маңызды. Себебі кейде тіпті мәйітті де көретін кездер болады екен. Отбасының ұйытқысы болып, алты жылдық еріктілік қызметін қатар алып жүрген, екі баланың анасы Әлия Stan.kz тілшісіне оқиғаларымен бөлісті. 

Әлия Семей қаржы-экономикалық колледжінің қаржыгер мамандығында қызыл дипломға бітіріп, кейін жұмысқа тұрып, университетте сыртай білім алған. Айтуынша бірде желіден еріктілер туралы хабарландыруды көзі шалып, кейін барып көруді ұйғарған. Осылайша 2017 жылдан бастап Семей қаласындағы “Лидер” еріктілер орталығының мүшесі атанған. Қызмет атқарып келе жатқанына алты жылдай уақыт болыпты.

“Біздің ұйымымыз көбіне жоғалып кеткен адамдарды іздестіруге көмектеседі. Бұрын ақыл-есі сау адамдар не үшін, қайда жоғалып кетеді деген сауалды жиі қоятынмын. Еріктілік жолға келгенімде өмірді басқаша қырынан ұғынып, шындыққа тура қарауды үйрендім. Ғаламшарымызда қаншама адамның көмекке мұқтаж екенін ұғындым”,- деді Әлия.

Әлия қазіргі таңда өз ұйымымен бірге көпбалалы, жалғызбасты, ерекше балалары бар аналарға көмек етіп, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға, азық-түлік, киім-кешек заттар таратып тұратынын тілге тиек етті. 

Абай облысындағы өрт 

Әлия Абай облысындағы табиғи апат кезінде қол қусырып қарап отыра алмай, өрт ошағының жанында жүріп тікелей қызмет еткен. Жалынның беті қайтқанынша тіпті өз отбасын көруге уақыт таппаған екен. 

“Қазір Абай облысында жағдай тұрақталды. Көмекке келгендер өз қалаларына кетті. Біз өрт сөндірушілердің жанында жұмыс істедік. Олардың штабына азық-түлік тасып, тамақтандыру жағын қамтамасыз еттік. Өрт ошақтарына біз ғана кіре алғандықтан өрт сөндірушілерге көмектің бәрі біз арқылы жеткізілді. Олардың жұмыс жағдайлары өте ауыр болды. Ол жақта жердегі құмнан адам түгілі көліктерге жүру өте қиын еді. Барлығы шаршап, әлсіреп ауыр киімдермен қызмет етті. Өрт сөндірушілер тамақтанып алған соң, тақыр жерге қарамастан, бос орынға жата қалып, тынықты. Кішкене мызғып, демалған соң қайта тұрып, жұмысқа кірісті”,- деді ерікті.

Әлия орман өрті кезінде отбасы мен балаларымен көрісетін уақыты болмағанын алға тартты. Айтуынша үйге тек түнгі сағат 12-1 лерде қайтып, кейін таңмен қайта жұмысқа кірісуге кеткен. Алайда сондай ауызбіршіліктің арқасында өртті барынша ауыздықтауға қолғабыс еткен. 

“Біз өрттен қаза болғандардың туыс жақындарымен кездеспедік. Себебі бұған уақыт өте тапшы еді. Басты мақсатымыз қалайда тілсіз жауды ауыздықтау болды”, – деп қосты Әлия.

Мәйіт табылғанда кез келген адам сабыр сақтап тұра алмайды

Әлия алты жылдық еріктілік қызметінде талай түрлі жантүршігерлік оқиғаларды өз көзімен көрген. Сол себептен ару бұл қызметтің батылдықты талап ететінін мысал етті. Айтуынша тіпті мәйітті көретін кездер болады екен. 

“Адамның денесі табылған кезде кез келген жан сабыр сақтап тұра алмайды. Мәйітті көру оңай емес. Сол үшін моралдық тұрғыдан бәріне дайын болған жөн. Әдетте барлығы үміт ақталмай, іздеудегі адамның қаза тапқанын білгенде жылап, қайғырып жатады. Дегенмен өзімізді ұстап, барлығын қолға алуға тырысамыз. Себебі бізге жоғалған адамның туыстарының алдында жылауға мүлдем болмайды. Керісінше біз оларға демеу беріп, жігерлендіруге тырысуымыз керек”, – деп қосты ол. 

Әлия есінде қалған бір оқиғаны мысал етті.

“Бұл оқиға өте күрделі әрі ұзаққа созылып, есте қалды. 2020 жылы пандемия кезінде жасөспірім қыз жоғалып кетті. Біз оны екі аптадай іздедік. Қаланың түпкір-түпкірін, алыс қуыстардың барлығын қарадық. Тінтімеген жеріміз қалмады. Соңғы сәтке дейін оны аман есен табамыз деген үміт болды. Бірақ өкінішке орай он екінші күні біз оның денесін таптық. Ол өзіне қол жұмсап, суға батып кетіпті. Бұл оқиға менің жүрегімді сыздатып, есімде қатты сақталып қалды”, – деді ол.

Ерікті іздеу салған жандар аман есен табылып қуаныш сыйлаған кездердің де болатынын алға тартты. 

Отбасым қарсы, бірақ айналаға көмек ету міндетім…

Әлия бір үйдің ошағын тұтатып отырған от анасы. Ол жаны қалаған іспен айналысуды шешкен. Дегенмен отбасы мен туыстары әлі күнге дейін оның еріктілік жұмысын түсінбей жатады екен. 

“Отбасым қазір де қарсы. Алайда жұбайым бұл жұмысыма үйреніп қалды. Менің қалауым болған соң көнбеске амалы жоқ. Ал басқа жақындарым әлі күнге дейін түсінбейді. Не үшін бұлай жүргенімді сұрайды. “Жүйкеңді жұқартасың, тегін жұмыс, ақшаңды құртып жатсың , бәрі үшін алаңдап, уайымдайсың, бұл саған не үшін керек,” деген сауалдар қояды. Әрине бұл маған керек жұмыс. Себебі қоғамға көмек ету менің жанымның қалауы. Бұл менің міндетім”, – деп қосты Әлия.

Бүгінде батыл ана балаларын да қоғамдық жұмыстарға атсалысып, өзгелерге көмектесуге тәрбиелеуде. Айтуынша қазір 12 жасар қызы мен 17 жастағы ұлы да өзімен бір ұйымда. Оларға мұнда жеңіл жұмыстар ғана тапсырылады екен. 

Ерікті қандай болуы керек?

Бүгінде Әлияға алғыс хаттар келіп тұрады екен. Ал ұйыммен бірге ол түрлі мемлекеттік гранттарға қатысып, біраз жетістіктерге жеткен. Бұл жолды таңдағанына еш өкінбейтін ару өзгелерді тек шынайы болуға шақырды.

“Ерікті ең бірінші жауапкершілікті шынайы сезіне білуі керек. Бұл суретке түсіп әр жұмысыңды көзбояушылықпен атқарып, өзіңді алдау емес. Бұл ішкі жан дүниең шынымен осы қызметтің отымен суына дайын екенін ұғыну. Ешкімге істеп жатқан жұмысыңды көрсетіп, өзіңді дәлелдеу емес, үнсіз ғана шын ниетіңмен шын жүрегіңмен өзіңнің жаныңның қалауымен атқару. Егер сен біреуге көмектесемін деп уәде берсең, сол уәдені орындағанша тынбауың керек.  

Жастарға айтарым, ерікті болар алдында шынымен бұл жұмысқа дайын ба соны әбден түінгендері жөн. Таңнан кешке дейін үйде болмауың, өзіңе қарауға уақыт болмауы мүмкін. Сол үшін осындай жұмысқа дайын екеніңді ұғынып барып бұл қызметке келген дұрыс”, -деді Әлия.

Әлия алдағы уақытта еріктілік жұмысты шамасы келгенше жалғастыра беретінін алға тартты. Айтуынша жанының қалауы да осы – айналаға көмектесу екен.

Гүлсезім Мұхатай
Бейсенбі, 22 Маусым, 2023 15:50