"Ер адамның мықтылығын мойындамайтын әйелдер көп қыз туады": Желіде психологтың айтқан пікірі қызу талқыға түсті
Фото: Ашық дереккөзден алынды
Желіде психологтың көп қыз туатын әйелдерге қатысты пікірі дау туғызды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Психологтың сөзінше, отбасында қыз баланың көбеюі ер мен әйелдің психикасына тікелей байланысты көрінеді.
“Негізі қыз туа беріп, ұл тумау психикада ер адамның қандай да бір әлсіздігін көріп, оның мықтылығын мойындамаудан болып жатады. Мен кейстеріме қарасам, ер адамның келе жатқан жолын мойындамау. Кей кезде ер мен әйелдің бір біріне деген қарым-қатынасы суып, құрмет азайған кезде отбасыда ұл тумай жатады. Ер адам да әйелді сыйлауды, құрметтеп, қамқор болуды, мейірім танытуды білмеген кезде отбасыда қыз көбейеді. Дәл солай оның жүрегі жұмсарып, сезімі оянып, болмысы өзгереді. Сондықтан психикадағы, түпкі тамырдан қандай да бір титықты тауып алсақ, әйел адамның неге бірыңғай қыз туа беретінін анықтаймыз. Физиологиялық тұрғыда қарым-қатынас болған жерде психоэмоциялық қарым-қатынас та болады. Сол үшін психиканы жөндеп, әйелдің қабылдау психологиясындағы кедергімен жұмыс істегенде бәрі дұрысталады. Психикамен жұмыс істеу арқылы бұл дүниені де жөндеуге болады”, – дейді психолог.
Желі қолданушылары түрлі пікір білдіріп, психологтың сөзін аямай сынап жатыр.
“Президент болған адамды да әйелі мойындамай қойған ба?”, “Ет пен қымызды көп ішкендер ер бала туады дегенде күліп едім”, Сонда генетика деген ғылым қайда қалды? Осындай әулиелерге сенетіндер бар ма”, “Ұлды да қызды да беретін бір Алла”, “Не болса соны айтып кеттіңіз. Ұрықтың әйеліне түк қатысы жоқ. Еркектің бойында не болса, соны туады”, “Аңқау елге арамза молда”, – деп жазды көпшілік.

Алматы облысында екі көлік соқтығысып, жаяу жүргінші өткеліндегі адамды қағып кетті
