Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақ ер азаматтары әйелге деген сезімін сирек көрсеткен": Ер адамға қатысты қандай дәстүрлер мен жоралғылар бар?

Қазақ дәстүрі мен салттарында әйел адамның орны бөлек, тіпті барлық ырым әйелдерге қатысты, ал ер адамдарға байланысты ырым-тыйымдар жоқтың қасы. Мұны этнографтар да растап отыр. Дегенмен ер адамның қатысуымен өтетін, ер азаматтың орны маңызды болып есептелетін салт пен жоралғылар жетіп артылады. Қазақ дәстүрлері, жоралғыларындағы ер азаматтарға қатысты рәсімдер мен салттар қандай? Stan.kz тілшсі этнографтардан сұрады.

Этнограф Досымбек Қатыран жаратылыста, тіршілік иелерінің ішінде ер азаматтың бірінші айтылатыны сөзсіз, дейді.

"Хауа ана Адам атаның қабырғасынан жаратылды деп айтылады. Ежелгі наным-сенімді алып қарастырған кезде көк аспан, жер, одан кейін, Тәңір, Жаратушы дейміз, ол әсте бізге еркек кейіпінде елестейді. Ал Жер дегенде, біз "Жер Ана" деген тіркесті қолданамыз, әйел адамның бастауы - Жер. 

Тәңіршілікдік бойынша еркек - көк аспан, қара жер - Жер ана деген түсінік қалыптасқан. Осы екеуінің қосылуынан тіршілік иесі пайда болыпты-мыс дейді.  Жаратқан иеміз еркекті артық жаратты деп айтылады. Әрине, еркек те, әйел де бір-бірінсіз жүре алмайтыны белгілі", - дейді ол.

 

Бала аузына түкірту ырымы

Тарихшы, этнограф Ислам Жеменей ер азаматтар жайлы қазақ дәстүрінің бірі - ер мінезді, мәрт тұлғаларға ұқсасын деп бала ауызына түкірту дейді.

"Өйткені еркекке екі мінез керек. Бірі - мәрттік, екіншісі - байсалдылық. Ойы жоқ ауыр мінезді еркек байсалды саналмайды. Ол ойсыз және іші арам еркек. Ұдайы "Ішімдегіні тап, таба алсаң" деп тұратын сияқты. Содан соң үлкендер қорқақ пен сараң еркек көп үндемейді дейтін. Ал "байсалды" дегеніміз - ақылды, әр нәрсеге терең қарай алады. Керек кезде сөйлейді, қорлық көргенді қорғайды, жомарт және іскер. Ата-ана балаларын мәрт және байсалды болуын армандайды. Сол үшін төңірегінде сондай мінезді еркек көрсе, сәбиінің аузына түкірсін деген ырым жасайды", - дейді ол.

Этнограф қазақта жақсы және үлгілі еркекті біліп, таныса баласының аузына түркірткен, дейді және бұл ырымның өзіндік тәрбиелік мәні болғанын айтады. Өмірде сәбидің нағыз ер азамат болып өсіп жетілу үшін алдында үлгілі, өнегелі аға буын керек. Ал аға буынның бәрі майдаланып кеткен болса, жаңа ұрпаққа қайдан мәрт, байсалды еркек тұлғаларды тауып баланы соған қаратып тәрбиелеуге болады? Міне, аузына түркіртуде біреудің ала жібін аттамамауға баулитын тәрбиелік үлкен мән бар.

 

Азан шақыру

Этнограф Досымбек Қатыран діни ғұрыптың көбін ер адамдар орындаған, дейді. 

"Ат қою рәсіміне қатысты халқымыздың өзіндік дәстүрі мен салт-жоралғысы бар. Азан шақырып, ат қояр кезде сәби келешек өмірінде сыйлы, құрметті азамат болсын деген ниетпен ырым етіп, ата-анасы жасы үлкен, сыйлы адамды шақырып, оған баласына ат қою мәртебесін тапсырады. Оны әдетте ер адам орындайды. Көбіне діни ғұрыпты атқару еркек адамға беріледі. Мешітте болсын, басқа жерде болсын азанды ер адам орындайды. Әйел адам жалпы діни ғұрыптарды орындауда бастама жасай бермеген, тіпті мешіттің өзіне де әйелдерге бару парыз болып саналмайды", - дейді Досымбек Қатыран. 



Нәрестенің басын құбылаға қаратып, оң құлағына азан шақырып, таңдалған есімді «атың пәленше ....» деп, үш рет айқайлап айтатын болған.

"Қазақ ғұрпында байқасаңыз, ырым-тыйымдар жетерлік, оның көбісі әйел адамға байланысты, еркекке қатысты жоқтың қасы. Әйел адам ұрпақ әкелуші, жалғастырушы, өндіруші адам деген сөз. Қызға қырық үйде тыйым дейді. Оның ең бірінші себебі өмірге ұрпақ әкелуі. Қаскөй, зұлым күштер адам баласымен бірге өмір сүреді, көзге көрінбейді. Солар еркектен гөрі әйелге құштар болады. Сондықтан қазақтар әйел затына сақтықпен қараған. Еркек табиғат жаратылысында түзу болып келеді, ал әйел адам иілгіш, көнгіш, көнбіс болады. Әйел затына басқа күштердің құмар болу себебі сол болуы керек", - дейді этнограф.

 

Сүндетке отырғызу

Сүндетке отырғызудың бірнеше мағынасы бар дейді. Бір үйдің екі баласын қатар сүндеттеу бірде дұрыс, бірде бұрыс деп айтып жатады. "Екеуін бірдей сүндеттеуге болмайды. Біреуі ауырсынып, ұзақтау жатып қалады..." дейтіндер бар. Қазақ дәстүрінде қалай болған?

"Діни ғұрыптың арғы жағында жаратылыстың ерекшелігі бар. Еркек жаратылыстың басы болатын болса, жаратылыстың басы таза болуы керек, басқа лас нәрселерден ада болуы керек. Қазақтың наным-сенімдері ердің күшті, мықты екенін, қыздың нәзік екенін көрсетіп отырған. Әрине, әр нәрсе өз уақытымен болады. Бірі 5-те, бірі 7-те болғанда қатар сүндеттеу қазақ тұрмысында болмайтын, ретсіз нәрсе", - дейді Досымбек Қатыран. 

Этнографтың айтуынша, топтық сүндетке отырғызу деген рәсім қазақта болған.

"Жүздеген, мыңдаған баланы, сүндеттеп, үлкен той жасаған жағдайлар тарихта кездескен. Мәселен, XIII ғасырда Мысырға барған Бейбарыс сұлтан сұлтандар мен уәзірлер балаларын бір күнде сүндетке отырғызып, той жасаған деген деректер бар", - дейді ол.

 

Ұл баланы атқа мінгізу дәстүрі 

Қазақта баланы 7 жасқа дейін сүндеттеп, атқа отырғызып, ары қарай шаруаға қосатын болған, дейді этнограф.

"Атқа мінгізу - болашақ ер азаматтың өсіп-жетілуі мен еркіндігін мойындаудың белгісі. Бұл - балаға ойын баласы емес, ендігі кезекте іске, шаруаға араласа бастайтын уақыт келді дегенді түсіндіретін тәрбиелік мәнді әлеуметтік мәртебе беру. Енді өз қолыңнан әлдене істей бастайсың, тірлікке араласасың дегенді білдірсе керек", - дейді Досымбек Қытаран. 

 

«13 жаста — отау иесі»

"13-ке толған соң бала оңды-солын біле бастайды. Алғашқы мүшелге толған соң, бір отбасының жауапкершілігі мойнына жүктеліп,  үлкен өмірге осы жасынан бейімделе бастаған. Ер балаға қарағанда қыз тез бұзылады деп есептеген қазақ балиғатқа келген соң үйлендіруге болады деп сенген. Қазір 25 тұрмақ, 30-ға келгенде бір-ақ үйлену керек деп есептейді. Бұл - менмендік, эгоизмдік сана, ол батыс елдерінен келген. Ал қазақта эгоизм болмаған. Тіпті "қызға қырық үйден тыйым" деген нақылды алатын болсақ, мұнда бала бір отбасының емес, қырық үйдің баласы, тәрбие қырық үйден беріледі дегенді білдірсе керек", - дейді этнограф. 

 

Ер адамның "төрде" отыруы

Ер адамға деген құрмет дастархан басында да айқын көрініс тапты. Осындай құрметтің бірі - ерлердің төрде отыруы, дейді тарихшы. 

"Көшпелілердің түсінігі бойынша төрде үлкен кісілер отырған. Төрге жасы кіші отыруы тиіс пе? Әрине жоқ, отырмайды да. 40 жаста, бірақ әкесі қайтыс болған болса да, отырмайды. Себебі одан жасы үлкен 60-70-тегілер бар. Солар тұрғанда одан жасы кішілер отырмайды. Қазір төрге отырудың мәнісін көбі біле бермейді. Әркім өзінің орнын білуі тиіс. Әкесі тірі адам төрге шығуына болмайды. Бұл - әлеуметтік мәртебе, үлкеннің орны жоғары деген сөз. Қазіргі кезде имамдардың қақ төрге отырып алуының өзінде осы дәстүрді бұзу бар. Себебі олар да өз кезегінде төмен отырмаса да, жоғарырақ отырып, дұға оқып қайтатын жөндері бар", - дейді Досымбек Қытаран. 

Сондай-ақ, ер адамның құда түсу және ұлының үйлену рәсімдерінде, сондай-ақ қызының ұзатылуында әке ретіндегі маңызды рөл атқарғанын да айта кеткен жөн. 

 

Қазақ ер азаматтары әйелге деген сезімін сирек көрсеткен

Мәдени ерекшеліктерге байланысты, қазақ азаматы әйелге деген сезімін сирек көрсететін.

"Бұл - шынайылық, адами құбылыс. Қазақ ежелден "рақмет" деген сөздің сөзін рәсуа қылмаған. Еуропалықтар сияқты кез келген нәрсеге рақмет деп айта бермеген, оны тек шаруа бітіргенде, үлкен нәрседе айтатын болған. 

Сезім деген адам баласына берілген жоғары нәрсе, оны қазақ ойыншық етпеген. Ер азамат қызды жақсы көретінін, сүйіп қалғанын ісімен дәлелдейді. Ыңғай білдіруі, барып жүруі, сөз айтуы, әйел затымен бас қосуы дегеннің өзі махаббат емес пе?  "Өлдім, талдым, күйдім" деген қазақта болмаған. Әрине, ер азамат әйелі үшін күресіп, әйелді және оның ар -намысын қорғады, сүйікті әйелін, мейірімді анасын, жақсы келінін мақтан етті", - дейді этнограф.

 

 

Талқылау