Ер адамдар жатыр мойны обыры скринингінен өткен бе: Министр қателік кеткенін айтып, түсініктеме берді

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына қатысты дауға пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министрдің айтуынша, Қаржы министрлігі жариялаған деректер бойынша талдау жұмысы жүргізілген.
“Кейбір көрсеткіштерде күмән тудыратын жайттар бар. Алғаш қарағанда олар заңбұзушылық сияқты көрінуі мүмкін. Алайда олардың бекітілген әдіснамалық негізі бар. Мысалы, қайтыс болған адамдарға медициналық қызмет көрсетілді деген дерек науқас қайтыс болған соң жүргізілетін гистологиялық зерттеулерге төлем жасаумен байланысты. Бұл зерттеулер мәйітті ашу нәтижелері бойынша орындалады”, – деді Әлназарова.
Оның сөзінше, Ішкі істер министрлігімен бірлесіп Жеке сәйкестендіру нөмірі деректері де тексеріліп жатыр.
“Жеке сәйкестендіру нөмірінің жетінші саны бірнеше мың қазақстандықта қате көрсетілген. Сондықтан жыныс бойынша деректер дұрыс сәйкес келмей жатады. Әйелдерге арналған скринингтер әйелдерге, ерлерге арналғаны ерлерге жүргізілген. Төлем нақты көрсетілген қызмет үшін жасалған. Алайда есеп қалыптастыру кезінде кодтау барысында белгілі бір санға қатысты қате кеткен. Қаржы министрлігімен бірлесіп бірқатар параметр бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Статистикалық ауытқуларды, яғни күмән тудыратын жәйттарды барынша азайту үшін бақылау тетіктері енгізілді”, – деді министр.
Айта кетейік, бұған дейін Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков жалған медициналық қызметтерге қатысты пікір білдірген еді. Сол кезде ол ер адамдарға жасалған жатыр мойны обырына скрининг секілді фактілерге жұмсалған қаражаттың Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының есебіне қайтарылып-қайтарылмайтынын айтқан.
"Жоғары жалақы, тегін үй мен тамақ, соңғы үлгідегі MacBook": Италиядағы халықаралық мектепте сабақ беретін қазақстандық ұстаздық жұмысы жайлы айтты