Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Құдайдан енеме қыз берші деп тіледім": Екі келіні бар ақтаулық келіншек 23 жыл күткен қызын дүниеге әкелді (видео)

Екі келін түсіріп, үш немере бағып, енесінің разылығын алып отырған ақтаулық келіншек 23 жылдан кейін қызды болды. Жаңа босанған әйелді перзентханадан төрт ұлы мен екі келіні дүркіретіп алып шықты. Әулеттің кіші келіні Ырысгүл Базархан Stan.kz тілшісіне енесінің аяғы ауыр екенін білгенде қандай сезімде болғанын айтып берді. 

Фото: instagram.com/kenbaeva_a

“Ата-енеміз жас қой” деп жақсы қабылдадық”

Ең алғаш рет әлеуметтік желіде енесінің босанғанын блогер Айжамал Кенбаева сүйіншіледі. 

Айжамал желідегі парақшасында енесінің аяғы ауыр екенін білгенде қатты таңғалғанын жеткізді. Тіпті бұл хабардан кейін ата-енесінің бір-біріне деген махаббаты бұрынғыдан да арта түскен. 

“Естіген кезде аузымызға сөз түспей, бәріміздің көзіміз бақырайып, аузымыз ашылып қалды. Енеңнің аяғы ауыр болғаны қызық екен. Атам енемді одан сайын еркелетіп, ондай махаббат өзімізде жоқ сияқты сезімде болдық. Кейде ауырып, ауруханаға жатып қалатын. Атам таңнан кешке дейін өзі тамақ тасып жүрді. Ата-енемнің бір-біріне махаббаттары “ұрып тұр”. Бұл да – бір қуаныш. Алла осылай әдемі қартаюды жазсын”, – дейді болгер.

Әулеттің екінші келіні Ырысгүл де сезімін бөлісті.

“Енеміздің аяғы ауыр екенін білгенде қатты таңғалдық. Бірақ ата-енеміз жас қой деп жақсы қабылдадық”, – дейді ол. 

Фото: instagram.com/kenbaeva_a

“Күйеуі, 4 ұлы, енесі мен 2 келіні болып перзентханадан шығарып алдық”

Екі келіні енесіне перзентханаға дайындалуға көмектескен. 42 жасында бесінші сәбиін дүниеге әкелген келіншек 23 жыл бойы қызды болуды армандаған. Блогер ата-енесінің Gender party-ін ұйымдастырып, оқырмандарын қызықтырып қойған еді. 

“Ата-енеміздің Gender party-і. Естімеген елде көп. 1979 жылғылардың Gender party-ін жасадық. Атам қыз болатынын білмеді, бірақ мәз. Ата-енемнің 4 ұлы бар, енем 23 жыл бойы қызды болуды армандаған. Өмір қызық, екі келіні бар кезде Алла Тағала қызды болуды бұйырыпты”, – деп жазды Айжаман Кенбаева.

Блогер 17 сәуір күні көптен күткен қайын сіңлісі дүниеге келгенін айтып, көпшіліктен сүйінші сұрады. Ол абысыны екеуі енесінің бөлмесін қызғылт түске безендіріп, күтіп алды. Әулет болып аңсап күткен ханшайымды жақындары мен бауырлары перзентханадан дүркіретіп шығарып алды. 

“Қандай әдемі көрініс! “Аллаға шүкір” дегеннен артық не жазамын?! Күйеуі, 4 ұлы, енесі, 2 келіні перзентханадан шығарып алып жатыр. Бұл – бақыт қой! Атам 1001 раушан гүлімен, ұлдары бір-бір құшақ гүлдерімен келді”, – дейді Айжамал қуанышын жасыра алмай. 

“Енелерімнің көзінше “қызым” деп айтуға ұялдым”

Блогер желідегі парақшасында бәрінің қалай басталғанын баяндады. Айтуынша, күйеуімен бөлек шығатын болып шешкенде ата-енесі тұңғыш немересі Әйгерімді жібергісі келмеген. 

“Менің енемде қыз жоқ, бәрі ұл. Мен бала көтеріп, қыз болатынын білгенде-ақ: “Ол менің қызым, сендерге қыз жоқ. Өзіме аламын, тегін атамның қызы қылып беріңдер. Бөлек шықсаңдар менімен қалады” деп айтып жүрді. Әйгерімге қатты бауыр басты, қызындай көрді. Одан басқа ештеңені көрмей, атам екеуі “қызым, қызым” деп жүрді.

Мен де енелерімнің көзінше, қызымды еркелетпедім. “Қызым” деп айтуға ұялдым, сөйтіп өсті. Менен кейін әулетке келін түсті, бөлек шығар уақыт та жетті. Іштей қорқып, “алып кетемін” деп айта алмай ұялып жүрдім. Тастап кетсем, өзімді кінәлі сезінетін болдым. Алып кетсем, енем қиналып қалады. Ақыр соңында алып кеттік”, – дейді блогер ата-енесінің көңілін қимай жүрген кезін еске алып. 

“Енеме қыз берші деп тіледім” 

Айжамал сол жағдайдан кейін ата-енесінің қызды болғанын тілеген. 

“Алла, енеме қыз берші, қызды болсыншы, өзіне қыз туып алсыншы” деп күнде тілеп жүрдім. Бір жыл бұрын күйеуіме тамыз, қырқүйекте бөлек шығайық деп айтып жүрдім. Бірақ ол жылы сәті түспеді. Айтқанымдай, келесі жылы тамыздың соңында бөлек шықтық. Жолдамыз, екі баламен Ақтауға бара жатырмыз. Атам даусы дірілдеп телефон соқты. “Әйгерімді тастап кетіңдерші, өзіміз жақсылап бағамыз. Мамаңның жүрегі ауырып, жылап отыр. Тастап кете қойыңдаршы” деді. Біз жолдың жартысындамыз. Ауылдан алыстап кеттік. Екеуі екі жақтан телефонның артында жылап жатты. “Тастай алмаймыз” дедік. Іштей қынжылып, жүрегіміз ауырып, өзімізді кінәлі сезіндік. Бірақ кешірім сұрап, әрі қарай кеттік. 5-6 күннен кейін енем жүкті екенін айтты. Алланың құдіреті… Бәріміз таңғалдық. Қыздарын қимай-қимай әрең жібергенде Алла тілегімді қабыл етіп, құрсағына қыз сыйлады. Сөйтіп өздеріне қыз туып алды. Бәрінен бұрын бұған мен қуандым”, – деді Айжамал. 

Көптен күткен сәбидің есімін әкесі “Айсәуле” деп айдың сәулесіндей жарқырап жүрсін деген ниетте қойған екен.

“Ханшайымның есімі – Айсәуле, жеңегелері болып ”еркем” деп ат қойдық”, – дейді жеңгесі Ырысгүл Базархан. 

Талқылау