"Еңбегім бұлай бағаланбаған": Жұлдызай Дүйсенбиева сыйлыққа көлік алып, көз жасына ерік берді
Танымал актриса, вайнер Жұлдызай Дүйсенбиеваға белгілі отандық дизайнер Ғани Көбеев көлік сыйлады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан кадр
Бұрын-соңды мұндай қымбат сыйлық алып көрмеген өнер иесі көз жасына ерік беріп, дизайнер інісіне рақмет айтты.
“Осы күнге дейін қанша жерде еңбек еттім. Еңбегім дәл осылай бағаланбапты. Әлі сенбей тұрмын. Бұрын-соңды ешкімнен бағалы сыйлық алып көрмеппін. Қатты қуанып тұрмын. Көлігіңе емес, көңіліңе рақмет. “Қазақстанның құрметті азаматына” берілді” деп, інім күлдіртіп жатыр”, – деп қуанышын жасыра алмады өнер иесі.
Желі қолданушылары осы күнге дейін әзіл әлемінің аққуына айналған Жұлдызайдың көліксіз жүргенін жарыса жазып жатыр.
“Күні кеше сұхбат алып отырып, көлігінің жоқ екенін айтқан еді”, "Ғани мырзаның танылуына Жұлдызай ханымның еңбегі орасан ғой. Актерлік қырын ашып, кәсібін дөңгелетіп берді. Сол жақсылығын бағалаған Ғани мырза да мәрт екен" "Құтты болсын! Жылап қалдым қосылып! Жаным, Жузи, үнемі вайн түсірем деп сенбей қалды! Ғани, саған Алла разы болсын! Сені құдай көтерсін! Жузи бәріне лайық жан" "Жұлдызай сенің аппақ көңіліңнің жемісі бұл. Соны бағалаған Ғани қандай мықты жігіт! Өрлей беріңіздер" "Ғани Жұлдызай әпкенің арқасында танылғанын ұмытпай рахметін білдіріп жатыр. Жарайсың, еңбектеріңіз жана берсін, саудаларыңыздың тек берекесін берсін!” деп жүрекжарды тілектерін білдірді оқырман қауым.
Еске салайық, “Қазақстанның құрметті азаматы” атағын иеленген өнер жұлдыздарының арасында Жұлдызай Дүйсенбиева да бар.