"Ең жақын адамым өмірден озғандай баз кештім": Ердос Қанаев өкінішін айтты
“Жігіттер” тобының әншісі Ердос Қанаев өнердегі әріптесі Бағлан Әбдірайымовтың әкесі туралы жазба жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: https://www.instagram.com/erdoskanaev/
Өнер иесінің әкесі өмірден озғанда әнші Меккеде жүрген көрінеді.
“Түптеп келгенде, бәріміз бір күні естелік болып қана қаламыз. Сіз де өзіңізді жақсы көрген жүректердің ішінде енді тек естелік болып қала бермексіз Рашид көке. "Бағланның әкесі Раббысына қайтты" деген қаралы хабарды Меккеде қажылықта жүргенде естідім. "Иә Алла, иә Алла" дей беріппін. Ең жақын адамым өмірден озғандай баз кешіп қалдым. Ол солай еді де… Рашид көкем әкем болмаса да әкеміздей көретін едік. "Сен де менің бір баламсың" деп отырушы еді үнемі… Сол кезде Меккеде жүргенім текке емес екенін Раббым ұқтырғандай мені де Бағланмен қатар бір баласындай көрген жанға Раббымның кеңшілігін сұрап, бар дұғамды жасадым. Тек бір "Әттеген-айым" жаназасына қатысып, бір уыс топырақ сала алмағаным”, – дейді әнші.
Сонымен қатар марқұмның тіршілігінде қандай адам болғанын де айтты.
“Жарықтық Рашид көкем бұл өмірде ең мықты екі қаруды өзіне серік етті. Ол – үнсіздік пен күлімдеу. Бұл екеуі адамды ажарландырмаса, қор қылған емес. Сонымен қатар өте сабырлы жан еді. Сабырлы жан екенін қиыншылығын ешкімге айтпауынан, ауруын ешкімге көрсетпеуінен білетін едік. Иә, уақыт қашады. Бағынбайды. Бағындырады. Басқарады. Дегенін істетеді. Жасты қартайтады, жаңаны ескіртеді, болғанды жоқ етеді. Бұл – өмір!
Ең бастысы артында саналы Бағландай ұлы мен салихалы қыздары қалды әлхамдулиллә… Көңілге медет болар жұбаныш осы болса керек. Енді біздің қолымыздан Құран бағыштап, дұға жасау ғана келеді”, – деп жазды өнер иесі.
Желі қолданушылары мен әртістің тыңдарманы қазаға көңіл айтып жатыр.