"Ең арзаны келісіне 500 теңге": Қызылордада күріш бағасы қымбаттады
Қызылорда облысында күріш бағасы былтырғы жылмен салыстырғанда 20-30 пайызға қымбаттады. Өткен жылы күріштің келісі 400 теңгеден сатылса, биыл ең арзанының өзі 500 теңгеге бағалануда. Яғни жиын-терін науқаны басталғалы дәнді дақылдың келісіне кемі 100-150 теңге қосылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаға сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Бейнеден алынды
Күріш бағасы неліктен шарықтап кеткенін базардағы саудагерлер де түсінбей әлек. Олардың айтуынша, азық-түліктің қымбаттауына байланысты тұрғындар да күріш сатып алуды азайтқан.
"Ең қымбатын 400 теңгеден сатқанмын. Биыл ең арзаны 500 болып тұр. Биыл қалай орақ басталды, осылай болып келіп тұр ғой баға. Енді ғой біздің сатып жатқанымыз.
Ал күріш өңдеу қауымдастығының өкілдері керісінше күзде өнімнің өзіндік құнын төмендететіндерін айтады. Өйткені шаруалар жиналған дақылды тез арада сатуға тырысады. Оның үстіне қазір елімізге өзге мемлекеттерден де күріш келіп жатқандықтан, бағаны 20 пайызға дейін арзандатуға мәжбүрміз деп отыр. Алайда өндірушіден базар сөрелеріне жеткенше арадағы делдалдар күрішті қымбаттатып жібереді", – деді сатушы Күлшай Жарылқапова.
Ал күріш өңдеу және өндіру қауымдастығының өкілі базардағы сатушыға мынадай бағада сат деп бұйрық бере алмайтынын айтты.
"Базардағы баға өндіруші зауыттарға қатысы жоқ. Ол базарға жеткенше екі адамнан өтеді. Үлкен оптовик бір алады, одан екінші оптовикке кетеді. Соңынан базарға жетеді. Өндіруші базардағы адамға күрішті мынадай етіп сат деп біз айта алмаймыз", - деді күріш өңдеу және өндіру қауымдастығының өкілі Сағидулла Сыздықов.
Бір қызығы сауда министрлігінің өкілдері нарықтағы бағаның қандай өзгеріске ұшырағанынан хабарсыз болып шықты. Олардың айтуынша, арыз-шағым болмаса, базар аралап бағаны бақылау міндеттеріне кірмейді.
"Заңға байланысты бізде профилактикалық бақылау бар, сосын тұтынушылардың арызына байланысты тексереміз. Мысалы бір жерде өсіп бара жатқан бағаны сұрауға құқымыз жоқ. Біреуден арыз түссе ғана барып тексереміз", – деді Қызылорда облысы бойынша сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің басшысы Ерқасым Сүлейменов.
Қауымдастық өкілдері су тапшылығына қарамастан биыл егін бітік шықты деп отыр. Яғни Қызылорданың күрішімен елімізді толық қамтып, тіпті экспорттауға да мүмкіндік бар. Бірақ жиі құбылатын жанармай бағасына байланысты өнімнің алдағы уақытта қанша теңгеге дейін қымбаттайтынын болжай алмаймыз деді мамандар.