Елордалық прокуратура Дулат Ағаділдің өліміне қатысты пікір білдірді
Нұр-Сұлтан қаласының прокуратурасы Дулат Ағаділдің өліміне себеп болған жағдай жүрек, қан-тамырлар жүйесінің ауруы екендігін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Прокуратура мәліметіне орай, Ағаділдің денесінен зорлық-зомбылық әрекеттерінің іздері анықталмаған.
«25 ақпан күні Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті Ағаділдің көз жұму жағдайы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Дәл сол күні барлық мән-жайды зерттеудің шынайылығын қамтамасыз ету мақсатында қылмыстық іс Нұр-Сұлтан қалалық прокуратурасының арнайы прокурорларының өндірісіне қабылданды», - делінген ресми хабарламада.
Марқұм Дулат Ағаділдің отбасының адвокаты берген өтініш бойынша 26 ақпан күні өздері (отбасының) шақырған жеке сот сарапшыларының (А. Ақанбеков, Р.Сатыбалдиев) қатысуымен марқұмның денесіне зерттеу жүргізілген.
«Оның нәтижесі бойынша, жұмылдырылған мамандар Ағаділдің өліміне өткір жүрек-қан тамыр жеткіліксіздігі себеп болғанын анықтады. Денесінде зорлық-зомбылықтан болатын қандай да бір жарақаттар анықталмады. Іске тартылған сарапшылар, сонымен қатар оның бауыры мен адвокаты тарапынан ескерту немесе өтініш берілген жоқ. Сот сараптамасының қорытындысы лабораториялық зерттеу нәтижесі бойынша беріледі. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда», - деп қосы прокуратура өкілдері.
Бұған дейін белсенді Дулат Ағаділ Нұр-Сұлтандағы түрмеде қайтыс болғаны жайлы айтылған еді.