Жерсіз және құрылыс алаңынсыз қалуы мүмкін: Елордалық құрылыс компаниясы өзіне рейдерлік шабуыл жасалғанын хабарлады
Елордалық “Eр-Тау” құрылыс компаниясы өздеріне рейдерлік шабуыл жасалғанын мәлімдеді. Компания басшылығының айтуынша, белгісіз біреулер салынып жатқан ғимараттағы пәтерлерді заңсыз сата бастаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Астанада көпқабатты тұрғын үй кешенін салушы компания өз жер телімінсіз және құрылыс алаңынсыз қалуы мүмкін. Кенесары және Шевченко көшелерінің қиылысындағы бұл ғимарат 10 жылдан бері "Ер-Тау" ЖШС-ға тиесілі. Компания 2018 жылы тұрғын үй құрылысын бастап, 3 миллиард теңгеден астам инвестиция салған.
“Астананың жақсы ауданында пәтердің шаршы метрін 130 мың теңгеге кім сатады? Демек кейбір үлескерлер мен бұл нысандағы пәтерлердің сатылмауын көздегендер арасында бір байланыс бар. Үкімет пен құқық қорғау органдары тарапынан ешқандай жауап болған жоқ. Бұл мәселені бірінші рет көтеріп отырған жоқпыз. Әкімдік жанындағы ведомствоаралық комиссия рейдпен айналысып жатыр”, – деді адвокат Мұхтар Есжан.
Үлестік қатысу шарты бойынша 90-ға жуық пәтер сатылды. Сот олардың пайдасына шешім шығармады. Демек бұл әзірлеушінің үлкен инвестицияларын ескермеді деген сөз. "Ер-Тау" өкілдері тергеу мен соттың біржақты жүргізілгенін айтты. Себебі сот компания өкілдерінің қадағалауынсыз өткізілген.
“Құрылыс алаңын тергеу органдары тартып алды. Шынымды айтсам, рейдерлік шабуыл жасалды. Алаяқтар полиция тергеушілеріне бізді "серіктестеріміз" деп таныстырған. Сонымен бірге олар 1 айға ғана алдын ала келісім жасап, сенімімізге кірді. Ел президентінен осы бейберекеттік пен заңсыздыққа араласуын сұраймын”, – деді “Ер-Тау” ЖШС директоры Мұрат Тасов.
Келесі кезекте кооператив мүлде басқа құрылыс компаниясымен келісім жасаған. Енді олар тұрғын үй кешенінің құрылысын аяқтап, пайдалануға беруге міндеттелді. Мұндай жағдайда кәсіпорын 3 миллиард теңгеден астам қаржыны үнемдейді.
“Біз өз нысанымызды өзіміз салғанымызды дәлелдейтін барлық құжаттаманы ұсындық. Бірақ бұл құжаттар қылмыстық іс материалынан жоғалып кеткен. Қылмыстық қудалау органдары адвокаттың іске қатысуына рұқсат бермейді. Аталған қылмыстық іс бойынша құрылыс сараптамасы болуы керек еді. "Нұрлы жол" басқармасымен атқарылған жұмыстардың нақты көлемін анықтау керек еді. Алайда бұл жасалмады. Біздің тарапымыздан мұндай сараптама жүргізілді. Ол біздің қолымызда. Ол "Нұрлы жол" басшылығының бұл нысанның құрылысына қаржы жұмсамағанын нақты дәлелдеп отыр. Осы дәлелдердің барлығын қылмыстық қудалау органдарына түрлі өтініштер арқылы жеткізгіміз келеді. Бірақ біздің барлық өтініштеріміз мүлде қаралмады”, – дейді адвокат Жасұлан Рахымғалиев.
Қазіргі уақытта мердігер компанияның өкілдері қамауға алынды. Бірақ бұл заң жүзінде еш әсер етпеді. Әзірлеуші әлі де шығынға ұшырап жатыр. Астана қалалық қоршаған ортаны бақылау және сапа департаменті тек Жоғарғы соттың шешімін орындап жатқанын мәлімдеді.