"Эльмира – менің адал досым": Мейрамбек Беспаев экс вице-министрді "жемқор" дегендерге жауап берді
Бұған дейін білім саласының маманы Аятжан Ахметжан әнші Мейрамбек Беспаев пен экс білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиеваның радио ашып, бірігіп жұмыс істейтінін айтқан еді. Ол вице-министрді білім саласын былықтырған “жемқор” деп айыптаған болатын. Осыған қатысты Мейрамбек Беспаев Stan.kz тілшісіне пікір білдірді.
Әншінің айтуынша, радио ашу идеясы – өзінікі, ал Эльмира Суханбердиеваны кастингтің іріктеу қорытындысына шақырып алған.
“Маған жігіттер фейсбуктан бірдеңелер жіберіп жатыр. Онша ашып оқымадым. Бірақ Эльмира досыма тиісіп жатыр екен. Ол менің ес білгелі араласатын досым. Үлкен басшылық қызметтерде істеді. Өте көп көмек қолын созған шын жанашырым. “Жемқор” деп айыптап жатқандары негізсіз. Болғанның өзінде де менің хабарым жоқ. Әңгімені көбейтпеулеріңізді өтінемін! Ол радиоға ақша құйып, мен оның амбассадоры болу туралы жоспарымыз болған емес. Радионы ашу жолында бүкіл идея, еңбек, қаржы – өзімдікі. Радиожүргізушілігіне кастинг жариялағанда арнайы өзім шақырып алдым. Осыдан бір жарым жыл бұрын екі жасар баласы көз жұмып, қатты күйзеліске түсіп еді. Адамдармен араласып, ойы бөлінсін деп көңілін аулауға тырыстым. Жолдасын да жақсы танимын. Балаларын өз балаларымдай көремін”, – деді әнші телефонның ар жағынан.
Сонымен қатар әнші өзін алаяқ деп айыптаған оқырмандарына жауап берді.
“Соңғы кезде менің туған күнде айтқан тілегім де әлеуметтік желіге таралып кететін болып жүр. Күні кеше ғана бас прокуратурадан хабарласып тұр: ”Алаяққа жарнама жасапсыз” деп. Сөйтсем айтқан тілегімді бұрмалап жіберіпті”, – деп ақталды әншінің өзі.
Естеріңізде болса, Қытайдан тауар әкеліп берем деп халықты алдаған келіншектің жарнамасын Мейрамбек Беспаев жасағанын жазған болатынбыз.
Еске салсақ, белгілі ұстаз Аятжан Ахметжан радио ашып жатқан Мейрамбек Беспаевтың жанындағы экс вице-министр Эльмира Суханбердиеваны көріп, “жемқор” деп айыптағанын жазған болатынбыз.