Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Еліміздегі мұсылмандарға криптовалютаны пайдалануға тыйым салынды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қазақстандықтардың "мұсылмандардың биткоин криптовалютасын пайдалануына бола ма" - деген сауалына жауап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

"Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар кеңесінің шешіміне сәйкес биткоин криптовалютасын пайдалануға тыйым салынады", – делінген діни басқарманың жауабында.

Басқарма мұндай шешімге бірнеше дәлел келтірген.

Алғашқы дәлелде шариғат бойынша кез келген ақша мемлекет тарапынан шығарылып, қорғалуы керек екені айтылған.

"Биткоин ұлттық валюта емес. Бұл орталықтандырылмаған виртуалды ақша болғандықтан, мемлекеттік органдар тарапынан кепілдік берілмеген және қаржылық заңнамамен және нақты активтермен қорғалмаған. Кез келген сәтте оның бағасы көтеріліп немесе күрт құлдырап кетеді және адамдар бұдан жапа шегуі мүмкін. Әбу Әли Хасан ат-Тауси былай деген: "Ақша шығару құқығы ғасырлар бойы билеушіден басқа ешкімге берілмеген" (Сайру әл-мулук, 233-бет)", – делінген жауапта.



Екіншіден – биткоин-өндіру жұмыстары көбінесе жабық жүргізіледі. Бұл өз кезегінде шариғат тыйым салған қулық пен алаяқтыққа жетелейді.

"Алла Тағала Құран кәрімде былай деп бұйырады: "Ей, иман еткендер! Мал-мүлкіңді араларыңда арам жолмен жемеңдер, тек өзара келісіммен саудаласыңдар ("Ниса" сүресі, 29 аят). Сондай-ақ пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) беймәлім затты саудалауға тыйым салған (Мүслімнен)", - деп келтірді тыйым салудың екінші себебін.

Үшіншіден, биткоин валюта немесе тауар ретінде жауапты тараптардың бақылауынан жүреді. Бұл отандық экономикаға кері әсерін тигізіп, қоғамды тұрақсыздандыруы мүмкін екені атап өтілген.

Діни басқарма Египеттің пәтуа комитеті, Еуразия мұсылмандарының пәтуа кеңесі сияқты ірі ұйымдардың да биткоин криптовалютасын пайдалануға тыйым салғанын баса айтқан.

Талқылау