Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар зейнетақы жинақтарын алу кезіндегі салықтан босатыла ма – Премьер-министр жауап берді

Қазақстанның премьер-министрі Әлихан Смайылов БЖЗҚ-дан жинақталған зейнетақы қаражатын алу кезінде жеке табыс салығын (ЖТС) алып тастау туралы ұсынысқа жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Үкімет басшысы сенатор Бекболат Орынбековтың сауалына берген жауабында қолданыстағы салық заңнамасына сай, жеке табыс салығы азаматтардың барлық табысынан 10% мөлшерінде есептелетінін айтты. Салық кодексінің 326-бабы бойынша салық салуға жататын зейнетақы төлемдері түріндегі кірістерге БЖЗҚ және ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларынан түсетін төлемдер жатады. Бұл ретте кіріс алатын субъектілер – салық төлеушілер. Салық салу кезінде мемлекетке нақты мәмілелер бойынша экономикалық қайтарымның тиімділігі емес, субъективтілік тәсілі ескеріледі.



Бұл жағдайда зейнетақы төлемдерінің сомасын ЖТС есептеу кезінде міндетті зейнетақы жарналарының сомасы бірден шегерілетін бұрын салық салынбаған кез келген алынатын кірістің бір бөлігі ретінде қарау қажет. Осылайша, кірістің осы бөлігі үшін кейінге қалдырылған салық салу қолданылады (зейнетақы төлемі кезінде).

Салық кодексінің 353-бабының 3-тармағына сәйкес, БЖЗҚ-дан зейнетақы жасына жеткен адамға берілетін зейнетақы төлемдеріне заңнамада көзделген ЖТС бойынша шегерімдер мен түзетулер қолданылады. Салық кодексінің 351-1-бабында әлеуметтік қорғау туралы заңнамасы бойынша біржолғы зейнетақы төлемінің ЖТС есептеу, ұстап қалу және төлеу ерекшеліктері қаралған. Бұл БЖЗҚ-дан төлем алудың "жекелеген" тәсіліне байланысты.

Зейнетақы төлемдерінің ұсынылатын сомасын жеке табыс салығынан босату бюджет шығысына айтарлықтай әсер етеді (2023 жылы – 13 464 млн теңге, 2022 жылы – 14 087 млн теңге).

“Бұл мәселе халықаралық тәжірибені зерттеуді және талқылауды талап етеді. Қазір мемлекет басшысының тапсырмасына сай жаңа салық кодексі әзірленіп жатыр. Осы жұмыс аясында зейнетақы жинағын беру кезінде жеке табыс салығын алып тастау мәселесі жан-жақты қарастырылады", - деп түйіндеді Смайылов.

Бұған дейін депутат Асқар Садықов мобильді аударым мәселесін қайта қарауды талап еткен еді. 

Талқылау