Қазақстандағы жағажайларда дәретхана мен құтқарушылар жетіспейді – Туризм министрлігі

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов елдегі бірқатар курорттық аймақтарда әлі күнге дейін шешімін таппаған мәселелер бар екенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министрдің мәліметінше, кейбір жағажайларда дәретханалар, киім ауыстыратын кабиналар, құтқару мұнаралары мен суда жүзу аймағын белгілейтін қалқымалы қоршаулар жетіспейді.
“Бұл кемшіліктер шомылу маусымы басталғанға дейін, яғни 15 маусымға дейін толық жойылуы тиіс. Осыған байланысты әкімдіктер жазғы маусым басталғанға дейін аталған кемшіліктерді толық жоюды қамтамасыз етуі қажет”, – деді министр Ербол Мырзабосынов.
Бұл жағажайларды абаттандыру, санитарлық жағдайды жақсарту және демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты.
Оған қоса тұжырымдаманың басым бағыттарының бірі – жағажай туризмін дамыту.
Оқыңыз“Жазғы маусымға дайындық аясында өңірлерде инфрақұрылымды жетілдіру, қызмет сапасын арттыру, демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және курорттық аумақтарды дамыту бойынша шаралар қабылданып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстың жақсы үлгісі ретінде Алматы облысын атап өткім келеді. Қапшағай су қоймасының жағалауында коммуналдық жағажайларды жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Нәтижесінде заманауи әрі жайлы инфрақұрылым қалыптасуда”, – деді министр.
Оған қоса министр кей өңірлерде жағажай туризміне қатысты мәселе жылдар бойы шешілмей келе жатқанын айтты. Мырзабосыновтың сөзінше, бұл өңірлер республикалық деңгейде қосымша қаржыландыру мен қолдауды қажет етеді.
Министр бірқатар мәселе шешімін таппаған өңірлерді атады. Олардың бірі Жетісу облысындағы Алакөл көлінің жағалауы.
“Өткен жылдан бері жағалауды бекіту жұмыстары жүріп жатыр. Алайда қазіргі қаржыландыру көлемі жұмысты қажет қарқынмен жүргізуге жеткіліксіз”, – деді министр.
Министрдің айтуынша, Абай облысы жағындағы Алакөл жағалауында да түйткілді мәселелер аз емес.
“Абай облысында электрмен жабдықтау, жағалауды нығайту, айналма автожол салу, блокты-модульді тазарту құрылыстарын және қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салу сияқты маңызды инфрақұрылымдық жобалар бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары әлі басталған жоқ”, – деді министр.
Қарағанды облысындағы Балқаш көлі жағасындағы Торанғалық ауылында да мәселелер бар. Мұнда демалушылар көп келетіндіктен, су құбырын тартуға қосымша қаржы қажет.
Бурабай курорттық аймағында да кемшіліктер жоқ емес.
Министрдің айтуынша, жергілікті көлдердің жағалауын туристерді қабылдауға сапалы дайындау қажет. Сонымен қатар, бірқатар инфрақұрылымдық жобалар аяқталмаған.
“Щучинск-Бурабай курорттық аймағында Громотуха өзені арқылы өтетін көпір салу және курорттық аумақтағы көлік жүктемесін азайтуға бағытталған жол инфрақұрылымын жаңғырту жобаларын қаржыландыруды қамтамасыз ету қажет”, – деді Ербол Мырзабосынов.
Министрдің сөзінше, Қазақстандағы жағажай туризміне қатысты мәселелерді шешу үшін республикалық деңгейде қосымша қаржыландыру мен қолдау қажет. Десе де бұл жағажайларды жайлы ету үшін нақты қанша қаражат қажет екенін айтпады.
Айта кетейік, бұған дейін Тоқаев Alatau Smart City жобасы мен өңірдегі халық жағдайын сынға алғаны туралы жазған едік.
"Аяғын орындыққа қойып отырады, жарқылмен қайта-қайта видео түсіреді": Қазақстандықтар қоғамдық орындардағы әдепсіздіктер туралы айтты