Елімізде әскерге барып келген 600-ден астам сарбаз оқу грантына ие болған
Елімізде Отан алдындағы борышын өтеген 600-ден астам сарбаз білім грантын алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
600 сарбаз сынақтан өтпей, жоғары оқу орнында тегін оқиды. Сонымен қатар бұл студенттерге түрлі жеңілдік пен көмек қарастырылған.
Әскери борышын өтеп келген жастардың басым бөлігі Алматыдағы университеттерді таңдаған. Қорғаныс министрлігінен сертификат алған 15-ке жуық сарбаз Қаныш Сәтбаев атындағы оқу орнында білім алып жатыр.
“Ақтаудағы "Теңіз жаяу" әскери бригадасында борышымды өтеп келдім. Қазіргі таңда Сәтбаев атындағы техникалық университетке өзім қалаған мамандық бойынша оқуға түстім. Келешекте әскери мамандықты жалғастырсам деген ойым бар”, – деді студент Ұлас Раушанбек.
“Әке-шешем оқуға түскеніме риза. Басқа балаларға айтарым – Отан алдындағы борышты өтеп келіп, осылай оқуға түсуге болады. Бәріне мүмкіндік берілген”, – деді әскерге барған стуент Сәрсен Ризабеков.
Әскерге барып келгендерді жатақхана, шәкіртақымен қамтамасыз ету де қарастырылуда. Жастар офицер атағын алу үшін әскери кафедраларда тегін білім ала алады.
“Университет ректоры қорғаныс министрлігімен 100 сарбазды оқуға қабылдау туралы келісімге келді. Биыл оқуға түскен студенттерге бірнеше мамандық ұсындық. Олардың басым бөлігі су шаруашылығы, машина жасау, тағы да басқа техникалық мамандықты таңдады. Университет тарапынан оларға барлық жағдайды жасауға тырысамыз”, – деді Сәтбаев университетінің проректоры Бақыт Жәутіков.
Сарбаздар тегін білім алу үшін қорғаныс министрлігінің порталында орналасқан ақпараттық жүйе арқылы іріктеуден өтеді. Ол үшін қорғаныс министрлігінің комиссиясы сарбаздың мерзімді әскери қызметін өткеру кезінде жауынгерлік, әскери-кәсіби даярлықта, әскери тәртіпте көрсеткен нәтижесін ескереді. Қазір онда 38 мыңнан аса адам өтініш берген.