Елена Рыбакина әлемдік рейтингте 67 сатыға төмендеді
Теннистен жұптық сын бойынша рейтингтің жаңарған нұсқасында Елена 67 саты төмендеп, 192-орынға түсіп қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Olympic.kz
Еске сала кетейік, кейінгі уақытта Елена Рыбакина тек жекелей сында өнер көрсетіп жүр. Мұнда Рыбакина польшалық Ига Швентек пен Белорусь өкілі Арина Соболенкодан кейінгі үшінші орында тұр. Жұптық сындағы Қазақстанның жаңа екінші ракеткасы Жібек Құламбаева атанды. Ол жаңарған рейтингте үш саты жоғарылап, 141-орынға көтерілді.
"Дабл" рейтингінің үздік үштігінде Сторм Хантер (Аустралия), Элизе Мертенс (Бельгия) мен Джессика Пегула (АҚШ) тұр.
Қазақстан өкілдері арасында жұптық сын үздігі Анна Данилина 44-орында.
Бұған дейін Елена Рыбакина Брисбенде (Аустралия) өткен WTA 500 сериясы турнирінде жеңіске жетіп, чемпион атанғанын хабарлаған едік.
Жеңімпазды мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтап, жаңа белестерді бағындыра беруіне тілектестік білдірді.