Электромобильдердің жаяу жүргіншілер үшін қауіпті екені дәлелденді
Электромобильдердің жаяу жүргіншілер үшін жанармай тұтынатын қозғалтқышы бар автомобильдерге қарағанда қауіптірек екені дәлелденді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі The Guardian басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Freepik.com
Лондон гигиена және тропикалық медицина мектебінің (LSHTM) зерттеуінде Ұлыбританияда дәстүрлі бензин немесе дизельді көліктерге қарағанда, электромобильдердің жаяу жүргіншілерді қағып кету ықтималдығы жоғары екені айтылған. Сондай-ақ ғалымдардың дерегінше, электромобильмен апатқа ұшырау қаупі ауылдық жерлерге қарағанда қалада жоғары.
Сарапшылардың пікірі электромобильдің 32 миллиард миль және іштен жанатын қозғалтқышы бар көліктердің үш триллион миль сапарынан алынған деректерге негізделген. Жаяу жүргіншілерді дәстүрлі көліктердің қағып кету жағдайы көп болғанымен, миль бойынша электромобильдердің жолдағы адамдарды қағып кету ықтималдығы екі есе көп болып шыққан.
"Электромобильдер жаяу жүргіншілер үшін қауіпті, өйткені олар бензин немесе дизельді көліктерге қарағанда аз дыбыс шығарады", – дейді эпидемиология және статистика профессоры Фил Эдвардс.
Сондай-ақ сараптамада электромобиль жүргізушілерінің көбіне дәстүрлі көлік иелеріне қарағанда әлдеқайда жас және тәжірибесі аз екені айтылған.
Еске салсақ, бұған дейін Қытайдың Қазақстанда электромобильдер шығаруды жоспарлап отырғаны туралы жазған едік.