Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сот экс-министр Қуандық Бишімбаевқа үкім шығарды

Әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа сот үкімі шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Жоғарғы сот

Судья Айжан Құлбаева экс-министр Қуандық Бишімбаев пен екінші айыпталушы Бақытжан Байжановқа үкім шығарды. Бишімбаев 24 жылға сотталды. 

“Сот Бишімбаев Қуандық Уәлиханұлын Қылмыстық кодекстің 110-бабының 2-бөлігінің 1-тармағында, 99-бабының 2-бөлігінің 5-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған: 110-бабының 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша 7 жыл бас бостандығынан айыру, 99-баптың 2-бөлігімен 20 жыл бас бостандығынан айыру, жазаны ішінара қосу арқылы 24 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды”, – деді судья. 

Сонымен қатар Бишімбаевтан мемлекет кірісі ретінде сот сараптамасын жүргізуге кеткен сот шығындары 2 млн 306 мың 382 теңге, Байжановтан 3 324 теңге өндірілетін болды. Бишімбаевтан жәбірленушіге өтемақы қорына 30 АЕК (103 500 теңге) мәжбүрлі төлем, Байжановтан – 20 АЕК (69 мың теңге) мөлшерінде өндіріледі. 

Сондай-ақ судья Айжан Құлбаева сотталушылардың кінәсі толық дәлелденгенін хабарлады.

"Алқабилер Қуандық Бишімбаевқа қатысты үкім шығарды, оған сәйкес ол кінәлі деп танылды. Жаза мөлшері туралы мәселені де алқабилер мен судья ашық дауыс беру арқылы, көпшілік дауыспен шешті. Үкімге сәйкес сотталушылардың кінәсі толық дәлелденді. Сот отырысында зерттелген жәбірленушінің, куәлардың айғақтары, аудио-бейнематериалдар, сараптамалық қорытындылар және қылмыстық істің басқа да материалдары алқабилердің назарына алынды", – деді судья.

Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен 2023 жылы 9 қарашада ұсталған еді. Кейіннен қылмысты жасырды деген айыппен Салтанат Нүкенова көз жұмған мейрамхананың директоры Бақытжан Байжанов та тұтқындалды. Олардың сот отырысы 2024 жылы 27 наурыздан басталып 10 мамырға дейін жалғасып, ашық түрде өтті. 

Сондай-ақ экс-министр Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі ("Азаптау"), Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы ("Аса қатыгездікпен адам өлтіру") бойынша жаңа айыптар тағылған еді. Ал оның туысы Бақытжан Байжанов қылмысты жасырғаны үшін айыпталған.

Экс-министр Қуандық Бишімбаев соңғы сот отырысында әйелі Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтіргенін мойындамады. 

Айта кетейік, бұған дейін Бишімбаевтың ісі бойынша сот отырысында судья шешім шығару үшін құрылған сұрақтарды алқабилерге оқыған еді. Алқабилерге арналған сұрақтар тізімінде 13 сұрақ болды. Оның 10-ы Бишімбаевқа қатысты, 3-і Байжановқа қатысты болған. Осыдан кейін алқабилер дауыс беру және үкім шығару үшін кеңесу бөлмесіне жіберілген еді. 

Алқабилер тарапына қойылған сұрақтарға мыналар кірді:

  • Салтанат Нүкенованың 2022 жылдың 16 желтоқсанынан бастап 2023 жылдың 9 қарашасына дейін денесінің және басының әр жерінен үнемі ұрып-соғу арқылы физикалық азап шеккені, сондай-ақ ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлай отырып, моральдық азап шеккені дәлелденді ме?
  • Бұл әрекетті Қуандық Бишімбаев жасағаны дәлелденді ме?
  • Бұл әрекетке Бишімбаев кінәлі ме?
  • Жәбірленуші (Салтанат Нүкенова) Қуандық Бишімбаевпен бірге тұрған кезден бастап өз бетінше ақша табуды тоқтатып, материалдық тәуелділікте болғаны дәлелденді ме?
  • Салтанат Нүкенованың Bau мейрамханасында бас-ми жарақаты субдуралды гематома салдарынан көз жұмғаны дәлелденді ме?
  • Салтанат Нүкеноваға әдейілеп бірнеше рет соққы жасалғаны дәлелденді ме? Соққыны сотталушы Бишімбаевтың жасағаны дәлелденді ме?

Сондай-ақ Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановқа қатысты сот үкімі 13 мамырда сағат 17:00-де шығатыны хабарланған еді.

 

Талқылау