Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбе облысында экс-әкім қызметінен босатылғаннан кейін өлі табылды

Қуанышбек Серікжанов
Фото: gov.kz

Ақтөбе облысында Кеңқияқ ауылдық округінің бұрынғы әкімі Қуанышбек Серікжанов өлі табылды. Ақпаратты облыс әкімдігі растады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ресми деректер бойынша, 2026 жылғы 4 мамырда Қуанышбек Серікжанов жұмыстан босату туралы өтініш жазған, 5 мамырда оны қызметтен босату туралы бұйрыққа қол қойылған.

6 мамырда таңертең әкімнің Кеңқияқ ауылындағы өз үйінен Серікжановтың денесі табылды.

Ақтөбе облысының полиция департаменті 1983 жылы туған ер адамның қаза болу дерегі бойынша соталды тергеу басталғанын хабарлады.

“Тергеу шеңберінде болған оқиғаның барлық мән-жайы анықталады. Тергеу мүддесі үшін өзге де ақпарат жария етілмейді”, – деп атап өтті ведомствода.

Қуанышбек Серікжанов мемлекеттік қызметте 2013 жылдан бастап, ал ауылдық округ әкімі қызметін 2023 жылдан бастап атқарғаны белгілі.

Еске салайық, бұған дейін Ақтөбе облысында қала әкімі өзіне қол жұмсағаны хабарланған еді. БАҚ беттерінде Еркін Далмағамбетовтің денесі 20 желтоқсан кешке өз үйінің ауласынан табылғаны туралы ақпарат тарады. Ақтөбе облысы полиция департаменті әкімнің қазасы туралы ақпаратты растады. Ведомсвто өз-өзіне қол жұмсау фактісі бойынша тергеу бастады.

“Басқа ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жарияланбайды”, – деп мәлімдеді полиция.

Балнұр Рахматуллақызы
Сәрсенбі, 06 Мамыр, 2026 15:18