Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Екі аю 11 жастағы баланы қоршауға сүйреп кіргізіп, талап өлтірген

Сочидегі Дагомыс ауылында екі аю 11 жасар баланы талап тастады. Бала аюлардың қоршауына жақын келген екен. Бұл туралы Краснодар өлкесінің прокуратурасы мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Прокуратураның мәліметінше, 4 тамызда кешкі уақытта бала жекеменшік аумақта болған. Бала аюлары бар торға жақындаған кезде, жыртқыштардың бірі оны ішке қарай сүйреп кеткен. Ведомство оқиға орнында ата-анасы болған-болмағанын тексеріп жатыр. 

Ресей тергеу комитетінің облыстық басқармасынан хабарлағандай, бала қоршаудың ашық қақпасы арқылы кірген. Келген жедел жәрдем дәрігерлері баланың алған жарақаттарынан сол жерде қайтыс болғанын мәлімдеді.

Ведомство аюлардың торы орналасқан учаскені коммерциялық ұйым жалға алғанын қосты. "Абайсызда кісі өлтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Оқиғадан кейін Сочи басшысы Алексей Копайгородский Сочидегі барлық демалыс базаларын тексеруді, сондай-ақ "осындай шағын хайуанаттар бағын, торлар мен қоршауларды" жабуды тапсырды. Сондай-ақ, ол полиция балалардың көшеде қараусыз жүруіне жол бермеуі керек, ал спорт департаменті, білім басқармасы және кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекция тамыз айында балаларды жұмыспен қамту бойынша профилактикалық іс-шаралар жоспарын әзірлеуі керек деп мәлімдеді.

Талқылау