Алматы зообағы екі ай бұрын әкелінген аюдың өлгенін жасырып келген: Чехиялық зообақ тергеуді талап етті
Алматы зообағында Прагадан келген ақ аю өліп қалды. Жаңалықты Прага зообағының директоры Мирослав Бобек өзінің Facebook парақшасында жазды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: https://sev-in.ru/
Ол ақ аю 4 мамырда өлгенін, ал Алматы зообағы бұл жөнінде 22 мамырда ғана хабар бергенін жазған.
"Қазір Алматы хайуанаттар бағындағы жағдай біздікіне қарағанда жақсы, Томның көбеюіне жағдай жасалуы керек еді. Том бізден 28 наурызда ешқандай ауру белгілерінсіз кетті. Біздің білуімізше, Алматыға еш қиындықсыз жеткізілді. Кейін Алматыдан суреттер мен жазбаша есептерді алдық. 15 сәуірдегі соңғы хабарламада "аюдың жағдайы жақсы" екені айтылған", – деп атап өтті ол.
Мирослав Бобек кейін Алматы зообағынан ешқандай хабар келмей қалғандықтан, қызметкерлерін Қазақстанға жібермек болғанын айтады.
"Бірақ 22 мамырда Алматы зообағы Томның өлгенін айтты. Олар бұл хабарды неге 18 күн бойы жасырғанын түсінбеймін. Томның өлімі бойынша ашық тергеуді талап етеміз және шағымды зообақтар мен аквариумдардың еуропалық ассоциациясы Чехияның Қазақстандағы елшілігіне және Қазақстанның Чехиядағы елшілігіне жібереміз", – деп жазды ол.
Ал әлеуметтік желілерде Чехияның көптеген тұрғыны Алматы зообағына наразылықтарын білдіріп, жан-жақты тексеруді талап етіп жатыр.