"Екеуміз некелескенбіз деді": Жанатбек Бәйтеков артынан қалмай қойған "әулие әйел" туралы айтты
Жанатбек Бәйтеков басынан өткен қызықты оқиғасымен бөлісті. Актер жанкүйерлері мен бойдақ кездегі қызықтарын еске алды. Көп балалы әке отбасы жайлы да айтып өтті.
Бұл туралы “Түнгі хабар” бағдарламасында айтылды.
Жанатбек Бәйтеков көп балалы әке. Отбасын құрғанына 15 жылдан асты. Ал бойдақ шағында өзіне хат жазған, ғашық болған қыздар көп болған. Бұл жайлы актердің өзі баяндап берді.
“Біздің кезде телефон болған жоқ. Желі арқылы танылған жоқпыз, пародия, театр арқылы келдік. Бойдақ кезде ғашық қыздар көп еді. Бір күні бір әйел хабарласты. Келіншек пе, қыз ба, білмедім. Ауылдан келдім деді. Ауылдан келген соң көмек сұрап келді ме деп ойладым. Айтқан мекенжайға барсам, аппақ болып киінген бір кісі тұр. Оның қыз әлде келіншек екенін түсінбедім. Сөзі де біртүрлі. Не жыларымды, не күлерімді білмедім. Әр нәрсенің басын бір қайырды. Маған тесіліп қарап тұрды. Бір кезде “екеумізді ата-бабаларымыз некелестіріп қойған” деді. Мен шошып кеттім. Ешнәрсе демедім. Бір күні концерттен шықсам, көлігімнің алдына отырып алыпты. Екеумізді ерлі-зайыпты адамбыз деп айтып жүр екен. Маған арнаған бір дәптер өлеңі бар еді. Оны маған берді. Бірақ оны оқыған жоқпын. Дәптердің қайда екенін білмеймін”, – дейді актер.
Жанатбек Бәйтеков ата-әженің қолында өскендіктен, анасын “жеңеше” деп атайды. Бұл – қазақы тәрбиенің көрінісі. Жарының да, балаларының да өзі секілді әзілге жақын екенін мойындайды.
“Жақында емханаға анама барып қайттым. Ондағы емделушілермен суретке түстім. Бәрі осындай ұл туған анаң бақытты деп жатты. Аналарымыз аман болсын. Ана деген қызық қой. Система алып жатқан науқастарға “Жүріңдер, Жанатбекпен суретке түсіңдер” деп мәз. Бір сағат ішінде ерекше көңіл күйде болдым. Ата-анаға көп көңіл бөлейік”, – дейді актер.