Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өлсек, бірге өлеміз": Ryanair ұшағында иллюминатор сорып кеткен жолаушыны әйелі ажалдан арашалап қалды

ұшақтағы ерлі зайыпты
Фото: Facebook/Karovic Ljubisa

Грекиядан Германияға бағыт алған Ryanair ұшағында болған төтенше жағдай кезінде иллюминатор сынып, 61 жастағы жолаушы денесінің жартысына дейін сыртқа тартылып кеткен. Оны жұбайы мен тағы екі жолаушы дер кезінде ұстап қалып, ажалдан аман алып қалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Грекияның Салоники қаласынан Германияның Мемминген қаласына Ryanair әуе компаниясының рейсімен ұшып бара жатқан Светлана Гркович күйеуі Любиша Каровичті иллюминатордан сыртқа тартылып кетуден аман алып қалғанын айтты.

Оның сөзінше, ұшақ әуеге көтерілгеннен кейін қатты дыбыс естіліп, салонда қысым күрт төмендеген. Сол сәтте күйеуі денесінің кеуде тұсына дейін сыртқа тартылып кеткен.

"Мен бірден оның аяғынан ұстап алдым. Сол кезде "Егер өлетін болсақ, бірге өлеміз" деп ойладым", – деді Светлана сербиялық Nova басылымына.

Ол күйеуін тағы екі жолаушымен бірге салонға қайта тартып кіргізген. Айтуынша, Любиша үш рет есінен танып қалған.

"Қасында отырған қыз оның қолынан ұстап тұрды. Үшеуміз жабылып, оны ішке тартып алдық. Оттегі маскалары түсіп, салонда үлкен дүрбелең басталды", – деді ол.

Светлананың айтуынша, жолаушылар терезе ойығына чемодан тіреп көрген, алайда оны да сыртқа сорып әкеткен.

Отбасы жалдаған техникалық сарапшының болжамынша, оқиға ұшақтың оң жақ қозғалтқышының істен шығуынан басталған. Қозғалтқыштың бөлшектері иллюминаторды сындырып, салонның қысымы төмендеген болуы мүмкін. Алайда бұл нұсқа әзірге ресми түрде расталған жоқ. Басқа жолаушылар жарылысқа ұқсас дыбыс естігендерін айтқан. Сондай-ақ олардың мәліметінше, Любиша қауіпсіздік белдігін шешпеген, бұл оны ұстап қалуға мүмкіндік берген.

61 жастағы Любиша Карович әлі күнге дейін ауруханада жатыр. Дәрігерлер оның қолы қатты жарақат алғанын және күйік шалғанын айтқан. Қазір ол болған оқиғаны толық есіне түсіре алмайды.

"Мен үшін ең маңыздысы – оның тірі қалғаны. Бірақ ол қатты күйзелісте. Ұшақ туралы айтылса болды, денесі дірілдеп кетеді", – деді жұбайы.

Өзі де ауыр психологиялық күй кешіп жүргенін айтқан Светлана сол сәтте ұшақ құлап кетеді деп қорыққанын жеткізді. Әуе қозғалысын бақылау деректеріне сәйкес, ұшақ әуеде шамамен 10 минут болғаннан кейін 2700 метрге күрт төмендеген.

Ryanair компаниясы ұшақтың ұшып шыққаннан кейін көп ұзамай жолаушылар иллюминаторының зақымдануына байланысты Салоники әуежайына қауіпсіз оралғанын мәлімдеді. Компанияның хабарлауынша, ұшақ қалыпты жағдайда қонып, жолаушылар терминалға жеткізілген. Зардап шеккен бір жолаушыға әуежайда медициналық көмек көрсетілген.

Қазір оқиғаны Грекияның авиациялық және теміржол көлігі қауіпсіздігін тергеу басқармасы зерттеп жатыр. Оқиғаға ұшыраған Boeing 737-800 ұшағы Ryanair-дің еншілес Malta Air компаниясына тиесілі. Ұшақ шамамен 18 жылдан бері пайдаланылып келеді. Тергеуге Boeing, АҚШ-тың Федералдық азаматтық авиация басқармасы (FAA) және Еуропалық авиациялық қауіпсіздік агенттігі (EASA) мамандары да қатысады.

Еске салайық, бұған дейін 10 шілдеде Грекияның Салоники қаласынан Германияның Мемминген қаласына бағыт алған Ryanair әуе компаниясының Boeing 737-800 ұшағында ұшу кезінде салон қысымы күрт төмендеп, иллюминатор маңында отырған жолаушыны ауа ағыны сыртқа тартып кете жаздаған. Ұшақ шұғыл түрде Салоники әуежайына қайта қонып, оқиғаға қатысты тергеу басталған. Қайғылы жағдайдың алдын сол маңда отырған жолаушылар алды. Олар ер адамды ұстап қалып, экипаж жағдайды бақылауға алғанға дейін жібермеген. 

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 15 Шілде, 2026 13:16